аңыздар

АЛТЫНҒА АЙНАЛҒАН ТАС яки ата-ананың қадірі

    Ертеде, қазақтың Сарайшық деген шаһарында Көбеш деген әулие адам болыпты. Өмірден өтер сәтінде он жасар ұлына:

    «Анаңның білегіне бір алтын білезік саларсың…» деген аманат өсиет айтып үзіліпті. Әкесінің соңғы сөзін орындау үшін жетім бала жас болса да алтын білезік іздеуге бел буады. Шешесіне ол сырын айтпайды. Кәсіп іздеп, мал тауып келейін, деп рұқсат сұрайды. Анасы ұлын қимаса да, талабын жықпайын деп, батасын беріпті. Әлгі бала жастығына қарамай ақша берем деген кім болса да жалданып күні-түні жұмыс істепті. Бірақ, тапқаны алтын білезік сатып алмақ тұр ғой, тамағына әрең жетіпті. Күндердің күні жұмыстың ауырлығынан әбден әлсіреп, бір дуалдың түбінде талықсып жатады.

    Сол кезде біреу келіп табанынан түртеді. Кірпігін әрең көтерсе, ақ таяқты қарт екен. Баланың орнынан тұруға шамасы келмесе де қарияның айтқан сөзі құлағында қалады. Әлгі елес: «Әй, ықыласты бала, өзеннің терең жеріне оң қолыңды мал! Саусағыңа ілінген тасты жұмырығыңа түйіп алып шық, өз үйіңе анаңа жеткенше алақаныңды ашпа, шешеңді көрген сәтте ғана «Шеше, саған сыйлық әкелдім» деп, алақаныңды аш!» депті.

    Он жасар ұл бар қайратын жиып, шаһар шетіндегі өзенге жетіп қарияның дегенін қаз-қалпында орындайды.

    Үш күншілік жердегі үйіне жеткенше алақанын ашпайды. Анасына әкеле жатқан сыйлығы есіне түскенде ұйқысын да, ас-суды да ұмытады. Тамақ ішу үшін оң қолын ашуға болмайды ғой, ал ұйықтаса болды, жұмырығы өзінен өзі ашылып қалары мәлім.

    Сөйтіп, үшінші күні күн шыққан мезетте, бала есігінің алдында қара жолға көзін сүзген анасын да көреді. Күткен сәтінде өлміші үні әрең шығып, ұл:

    «Шеше, міне саған сыйлық!» деп, алақанын ашып қалды.

    О, ғажап! Үш күн бойы сұп- суық боп алақаны не батқан асықтай тас, алтын білезік болып жарқырап шыға келіпті, дейді аңыз. Аңыздың түбі – ақиқат.

    Балалар, бұл кереметтің сырын, мынау мұсылмандық әдептерден іздесеңдер оңай табасыңдар.

    Енді соған келейік: Ең көңілсіз кезіңде де ата-анаңа жылы шыраймен қарап, жақсылап сәлем бер.

    Ата-анаң саған қатты сөз айтса да, сен қарсы сөз айтып ренжітпе және іс әрекетіңмен де көңілін қалдырма.

    Қолыңнан келген көмекті ең алдымен ата-анаңа көрсет, баратын жеріне көлігіңмен жеткізіп салсаң да жақсылық. Киімін іліп, шәйін алып берсең де ілтипат. Жақсылықтың үлкен-кішісі жоқ.

    Ата-анаң шақырса өз ісіңді тастап, лезде жетіп бар, айтқан тапсырмасын дереу орында.

    Ата-анаңның қасында дауысты көтеріп сөйлеме, жүзіне қабақ түйіп қарама, жолда алдынан кесіп өтпе.

    Бір жаққа барарда, сапарға шығарда рұқсаты мен ризашылығын ал.

    Іс-қызметіңде де олардың ризашылығын алуға тырыс. Күн-көрсі қиын кезде, жәрдемге мұқтаж болған уақытта, қартайған шағыңда жан-тәніңмен қол ұшыңды бер, ештеңеңді аяма!

    Ата-анаң мархұм болғанда үнемі құрметпен еске ал, рухына дұға жасап, құран оқы, қалдырған өсиетін орында, ата-анаңның ескі достарын көзіндей көріп сыйлап, сәлеміңді үзбей жүр.

    Балалар, бұл қағиданы рухы биік көңілі таза жандардың қолынан келетін, құлшынып істейтін ісі екенін ұмытпа!

    Енді, жоғарыдағы хикаяны тағы бір оқысаң: «Ата-анасын риза еткен адамға Алла Тағала да риза болады» деген қанатты сөздің кілті ашылады.

    Абай ХАМЗАТЕГІ, («ИМАН ДӘНЕГІ» ОН ЕКІ МАРЖАН) кітабынан