Шипагерлік баян.

«Шипагерлік баян»

23.12.2009 07:38
Осыдан 12 жыл бұрын Қытайда бүкіл әлемдегі исі қазақтың жүрегін дір еткізген үлкен оқиға болған. 1997 жылдың маусымында Жуңго мемлекеттік сыйлығын иеленген санаулы адамдардың қатарында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы есімді қазақтың аты аталды. Ол үлкен елдің мемлекеттік сыйлығын қалай иеленіп жүр? Республикалық «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті, Халықаралық «Экология» және «Нострадамус атындағы тылсым құпия» (Париж), сонымен қатар «Рухани Халық медицинасы» (Мәскеу) академияларының толық мүшесі, қауымдастықтың «Шипагерлік Баян» газетінің бас редак­торы Зядан қажы Қожалымовпен сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Зядан аға, 1997 жылда­ры Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Қы­тай елінің мемлекеттік сый­лығын «Шипагерлік баян»
атты ғылыми еңбегі үшін ие­ленгенін білеміз. Бір таң­да­нарлығы, бұл ғылыми ең­бек осыдан 5 ғасыр бұрын жазылған ғой.
– Халқымыз үшін бұл шынында да әлемдік дәрежедегі тосын оқиға болды. Миллиардтан астам халқы бар, атам заманнан бері жазу-сызуы қалыптасқан, мәдениеті кемел үлкен мемлекеттің талай-талай ақбас ғалымдарының күні кешеге дейін есімі белгісіз қазақ шипагерінің іліміне зор ғылыми баға беріп құрметтеп, мемлекеттік сыйлық беруі қазақ халқының ұлттық шипагерлік дәстүрінің тео­рия­лық, мәдени-тарихи тұрғыдағы биік мәртебесін айқындайды. Оның дәлелі Өтейбойдақ Тілеу­қабылұлының «Ши­па­герлік баян» кітабына көрші қытай елінде 1997 жылы маусым айында «1-дәрежелі мемлекеттік таңдаулы ұлттық кітап» сыйлығының берілуі.

Ғалымның «Шипагерлік баян» ең­бегіне алғаш өз пікірін білдірген қытайлық зерттеуші ғалым Төлеуқан Ыбырайұлы: «Ұлтымыз тарихында
сирек кездесетін, медициналық ең­бек әрі ғылымнама тек шипагерлік жағынан ғана емес, ол халқымыздың тіл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, метеорология, әскери ғылым, этика, эстетика, тағы басқа жақтардан да қыруар білім, мәдениет береді. Өнер-білім тарихы ел тарихынан айырылмайды. Ұлтымыз тарихында сирек кездесетін ғылымнама «Шипагерлік баян» өз дәуірінің жемісі» – деп әділ бағасын берді. Бұл еңбекке онан кейінгі мезгілде де пікір жазған көптеген ғалымдарымыздың ойларының түйі­ні: «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Ши­пагерлік баян» кітабы – Шығыс медицинасының үлгісімен жазылған, бірнеше ғылымдардың басын біріктіретін, адам баласының ең басты байлығы – денсаулықты сақтап, сырқаттарды емдеудің негізін қала­ған терең де тарихи ғылымнама» — дегенге саяды. Бабамыздың ғылыми еңбегін 10 жылдан астам уақыттан бері індете зерттеп жүргендіктен де осы пікірге толық қосыламын.
– Зядан аға, өзге ағайындар тарапынан: «Қазақтар денсау­лық мәселесіне жүрдім-бар­-
дым қа­райды. Ұлттық меди­циналық емдеу тәсілдері де жоққа тән» дегендей пікірде…
– Бұл біздің халықты танып-білмей жатып айтылған екіұшты пікір. Ұлан далада ат үстінде еркін өскен ата-бабаларымыз табиғаттың таби­ғи емінің әдіс-тәсілдерін меңгерген  на­ғыз ұстасы және білгірі болды десек қателеспейміз. Бұған XVII-XVIII ғасырларда орыс офицері географ Н. Рычков, дәрігер С.Большой, XIX ғасырда генерал-майор В.Броневский, саяхатшы А.Левшин, штаб лекері С.Яроцкий, әскери дәрігер А.Ягмин және қазақтың  ғалымы Ш.Уәлиханов тағы басқа да саяхатшылардың  халық шипагерліктерінің ұлттық
ерекшеліктері туралы жазған қол­жазбалары дәлел. Халқымыздың емшілік дәс­түрінің тарихы өте тереңде.
Қазақтың халық шипагерлігінің осыдан 600 жылдай бұрын сонау ХV  ғасырда Қазақ хандығы туын тіктеген кезден бастап-ақ ілім-ғылым  негізі қаланғанын қара үзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Ши­пагерлік баян» атты медицина­лық энциклопедиялық еңбегі айқындап берді. Дала ойшылы, ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медицина­лық энциклопедиялық еңбегі бес жарым ғасырдан кейін өз елімен қауышты. Оның еңбегімен қазақ, қытай т.б. шет елдер ғалымдары да танысып, оң бағаларын бергенін жоғарыда айт­тық. Бұл күні кешеге дейін белгісіз­деу болып келген қазақ шипагерлігінің әлемдік дең­гейдегі орнын анықтауға жол ашты. Адамның денсаулығын қорғау мен жақсарту егіз нәрсе бол­ғандықтан әр халықтың өзінің  халқы мен ұрпағын аман сақтауда, ұлттық этникалық салт-дәстүрді сақ­та­ған өмір сүру қағидалары және денсаулық туралы заңнамалары, сол халықтың мәдениетінің  ілгері дамуына ықпал етеді.
Шипагер Өтейбойдақ Тілеуқа­-был­ұлы ХV ғасырда-ақ қазақтың
Әз Жәнібек ханына ұрпақ тазалығы мен денінің саулығы үшін: «Жеті атаға толмай үйленбеу, жөн-жөнсіз сүйіспеу және неке тазалығын сақтау» туралы ұсыныс айтып, ол хан Жарғысының шығуына ықпал етті. Тұқымымыздың таза, денінің сау, қайсар, бауырмашыл, ойшыл және ірі тұлғалы болып жетілуіне бұл жарғының пайдасы ұшан-теңіздей. Жарғының заңдылығы бүгінге дейін жалғасуда. Қазақтың жерінің кең, дастарқанының мол,
жатты бауыр санайтын ұлы қасиеті, тұқымымыздың тазалығы мен рухының биіктігі жарғы талаптарының орындалуынан.
– «Шипагерлік баянның» ке­йінгі жағдайы не болды?
– Бұдан кейін ұлы қолжазба ұрпақтан ұрпаққа қалдырылып, Топай­дан соң оның ұрпақтары Райымбет, Шыбыл, Қоңырбөрік, Там, Бұршақ биге (1827-1828 ж.) өтеді. Бұлардың бәрі кезінде Ұлы жүзге белгілі болған үлкен тұлғалар. Қазан төңкерісінен ке­йінгі аласапыран кезеңде қолжаз­ба 1932 жылы Түменбай Ыстанбай­ұлы арқылы Қытайға өтіп, ондағы Іле аймағының, Текес ауданы, Шиліөзек ауылында сақталады. Ал 1952 жылдан бастап сонда ұстаз болған Кәтіп екеуі көне тілден аударып, Кәтіптің қолымен қайта көшіріліп, ескі нұсқасын толық жойып жібереді. Көшірілу нәтижесінде көптеген бәйіттер қалып кеткен. Марқұм Кәтіп ағартушы ғана емес, Албанға атағы шығып, қазаққа танымал болған Әсел ақынмен айтысқа түскен адам екен.
Кітаптың ақырғы мұрагері Тү­менбайдың ұлы – Нұртай. Осы Нұр­тайдың қолынан қолжазбаны 1968 жылы Қытайдың «қызылдары» тартып алып, өртеп жібереді. Өрт ішінен Нұртай кітаптың 1095 беттік күйік шал­ған қалдығын ғана алып шығады. Арада 23 жыл өткенде, Қытайда болған жылымықтың әсе­рін пайдаланып Нұртай алтыншы рет көшіріп, 1994  жылы Үрімжі қаласында  араб әрпінде  кітап етіп шығарады. Араға екі жыл салып 1996 жылы Алматыда  «Жалын»  баспасы баспадан шығарды. Баба еңбегінің баспадан шығуына және зерттеліп қытай мемлекеттік сый­лығын алуына сондағы қазақ ға­лымдары: Ә.Тышанұлы, Жәнәбіл, Қ.Жәнәбілұлы, Қ.Ыбырайұлы, Х.Әкім­жанұлы, Т.Ыбырайұлы, М.Сүлей­мен­ұлы, Д.Құрмашұлы, Ж. Мұсағұл­ұлы, Қ.Мұқанұлы, Ж.Мырзақанұлы, О.Асыл­ұлы, Т.Қабаев, Ә. Қалиұлы т.б.көп еңбек сіңірді. Өлгені тірілді, өшкен оты жанды деген ұлы даналық сөздің шындығы бұл. Оның тарихи мазмұны да қазақ және шет ел ғалымдары тарапынан жоғары бағасын алуда. Ерте кезден-ақ ғылым-білімге ден қойған қытай халқы шипагер бабамыздың осыдан 550 жылдай бұрын жазылған еңбегіне жайдан-жай мемлекеттік сыйлығын беріп отырған жоқ.
«Шипагерлік баянының» ең соңғы алтыншы көшірмесінің өр­тенуден қалған мың беттен аса қолжазбасын алғаш баспаға дайындап шығаруға басшылық еткен Шыңжаң ғылым–техника, денсаулық сақтау баспасы бас директорының орынбасары, ғалым, жазушы Хакім Әкімжанұлы: «Өтейбойдақ Тілеу­қабылұлы Әл – Құзорданың мына кітапқа жазып кеткен көп-көп мағыналары мен бірқанша емдеу тәсілдері, шындығында, Еуро­па ғылымның соңғы ғасырдағы табыстары қатарына жатады» – деп сүйіншілейді.
– Шипагер бабамыз шешек ауруын болдырмаудың емін тап­қан екен деген де әңгіме айтылып жүр.
– Бұл рас. Шешек ауруының ел басына қырғын салған бір жылы шипагер бабамыз ел қамы үшін күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып, тәжірибеден тәжірибе жасап жүріп, ақыры шешек ауруының емін табады. Табу жолы аса қарапайым: «Баланың шешек іріңін алып тананың шап терісін тіліп, қан шыққан соң жағады. Бір жұмадан соң, тілінген жер жұдырықтай болып томпаяды. Томпақты жарып, қамсек қурай қуысымен бүйрек қабына құйып, ағашты қаламдай үшкірлеп, шешек ауруымен ауыр­ған баланың білегіне жағып, жаққан жерді инемен сы­зып қойса болғаны» делінген. Қазіргі медицина: «Бұл ғылымның атасы ағылшын шипагері Эдуард Женнер – ол 1796 жылы тұңғыш рет шешекке қарсы вакцина егіп, шешек бір шыққан адамға шықпайтынын дәлелдеген» – дейді. Бізді таңғал­дырған жай шипагер бабамыз Өтей­бойдақ Тілеуқабылұлы шешекке қар­сы егу тәсілін Эдуард Женнерден 350 жыл бұрын тапқан. Адамның биоқуатының ауытқуын теңеу үшін кейбір сырқат жандарды суық суға түсіріп емдеу тәсілін ұлы бабамыз  бүгінде кең өріс алған орыс ғалымы П.Ивановтың әдісінен бес
ғасырдан аса уақыт бұрын  емдік жүйеге енгізгені шипагердің ең­бегінде жазылған.
Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Ті­леуқабылұлының медициналық  «Шипагерлік баяны» шипагерліктің үш шыңы: Қанықталғы, Нарық­талғы, Дарымдалғы деген үш бөлімнен тұрады. Оның ішінде түптеме, жіктеме, аңғарымдама, нақтама, дарым заруаты, айық­тырым дарымдылығы және тектелгі бөлімі қоса жазыл­ған үлкен энциклопедиялық, фило­софиялық еңбек. Шипагер «Тәулік­тің, айдың, жылдың жартысы «өзектік ыстық­тық», ал жартысы «кезектік суықтық», күллі ғалам өзек пен кезекке жарылады,  әрбір өзегі – тұғыр, олардың бір-біріне орын бермегі және бір-біріне айналуы шарт болмағы көрілгі» – деп тұжырым жасайды.
Сонымен ұлы шипагер адам қалыпты өмір сүру үшін 12 нәр­седен айырылмау керек екендігін айтады. Олар төмендегідей:
1. Жарғылыста жаныңнан айырылма. 2. Ақылыңнан айырылма.
3. Ел бастаушы көсеміңнен айы­рылма. 4. Шешеніңнен айырылма.
5. Көп­пен көресің, еліңнен айырылма. 6. Жаныңды алса да, сы­рыңнан айырылма. 7. Жаман деп
қатыныңнан, көшем деп отының­нан айырылма. 8.Ризғысыз пенде болмас, даяр асың – малдан айырылма. 9. Ағайын, туыс, дос-жарансыз кім бар? Болмашқа өкпелеп, досыңнан айырылма.
10. Қы­рық найза қарғы деп, қарқудай баспанаң – қосыңнан айырылма. 11. Пенде қару санаты – бес қаруды тастама. Шыбын жаның шыққанша намысыңнан айырылма. 12. Өте шы­ғар сұм жалған, боқшылыққа қайырылма». Шипагердің басыңа ауыр күн туғанда он екіден айырылма деген философиялық ой толғамы біле білгенге адалдыққа, батылдыққа, парасаттылыққа, отаны мен халқын сүюге, қорғауға тәрбиелейтін ақыл кеңес.
Ғұламаның «Шипагерлік баянында» ғылымға қажетті тұжырымдамалар өте көп. Дүниедегі тіршіліктің негізі: Нұр, су, топырақ, ауа —  сынды төрт заттан құралатынын, ал адамзат баласы осы төрт затқа тікелей тәуелді болады деген өзінің философиялық көзқарасының да мәні зор. Ол адамның дене қуаттарын бес түрге: Жаншылық қуат, жаршылық қуат, ғаршылық қуат, таршылық қуат және баршылық қуат деп бөліп, оларға  жеке-жеке анықтама берген. Шипагердің терең ой-толғамының бүгінгі ғылымдағы  анықтамалардан ешқандай алшақтығы жоқ. Сондай-ақ, табиғаттағы жылдық, мерзімдік жағдайларға байланысты адамның денсаулығының бір қалыпты бол­мауының да себеп-салдары болады. Оның  түрлерін  қараүзген шипагер:  «Жылда 12 райлық құбылым бар, оның 180 күні жарықтау – өзектік, ал 180 күні қарықтау – кезектік,  сол сияқты сөткенің 12 уақыты – жарықтаулық, ал 12-сі қарықтаулық. Жыл  12 ай – 12 мүшел, сырқаттың 12 себебі – мүшелердің 12 ұштасымы. Адам денесіндегі 12 мүшенің өзектік, кезектік ортақтығы, мүшелер мен райлар ортақтығы, мүшелер мен алмасымдар ортақтығы, мүшелер мен жұлдыздар ортақтығы, мүшелер мен қуаттар ортақтығы деген бірліктердің бәрі де 12-ден құралады. Бұлардың бәрі ең соңында өзектік – кезектік, ыстықтық, суықтық  болып тиянақ табуға ұласатыны туралы айтқан ойлары, толғанысы бүгінгі ғылыми  медицинаның заңдылығымен өте ұқсастығын көрсетеді.
Ғұлама бабамыз «Адамның ауруын дұрыс анықтап, емін дұрыс жа­самаса жазылмас бейнет. Дұрыс анықтамай, ем қонбаса соңы ажал­мен аяқталмақ» – деген екен. Ол аурудың пайда болуы денедегі сыртқы суықтық пен ішкі ыстықтықтан болады  деп ұғынды. Егер ауруға суық тигендігі  анықталса ауруды жазудың негізі, оны терлету деп, шөп дәрілерін – апиынды, мияның тамырын және жалбызды беріп терлеткен. Терлеген ауруды қатал бақылаумен жылы бөлмеде ұстаған. Ал, өкпе мен көк жөтел ауруларына ұшырағандарға жас малдың еті мен сорпасынан жасалған күшті, қуатты тағамдар беріп, қымыз ішкізіп және жылқы мен борсықтың майын да ішкізіп емдеген. Бабамыз «Шипагерлік баянында» шипалық ем, дарым зәруаты үшін пайдаланатын дәрі-дәрмектік металл-металиодтардың – 62 түрінің, өскіндердің – 540-тан аса түрінің,  жан-жануарлар мүшелерінің – 260-тан аса түрінің аттарының тізбесін  жасап, ғылыми анықтама береді және дәрі-дәрмек жасаудың рецептерін баяндай отырып, дәрінің науқасқа берілетін өлшемдерін: «қызтойғы, уыстаулық, қырмаулық, сықпалық, кәдімгі уыс, шеңгелдік уыс, қысқама, сығымдық уыс, қос уыс, шымшым, елілеулік, саусақтық, буындамалық және титтей, тырнақтай, көбе буындай, сүйемдей, сынық сүйемдей, қарыс, жыртақарыс, кереқарыс» – деп атайды. Бұл кітап тілінің жұтаң емес екенін дәлелдесе керек.
– «Шипагерлік баянның» осы күнгі ғылыми еңбектерден айырмашылығы неде?
– Біз Кеңестік дәуірдің ұр­пақтары бірыңғай атеистік тәрбие көріп өстік. Бітім болмысымызбен дінге қарсы ағымның ықпалында тәрбиелендік. Қазір заман басқаша. Осы тұрғыдан келгенде шипагер еңбегінің  ең құндылығы – адам баласын имандылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, әдептілікке, Отан сүйгіштікке тәрбиелеуі, он сегіз мың ғаламды жаратушы құдіретті Алланы, оның елшісі Мұхаммед /.ғ.с./ пайғамбарды тануды және ислам діні қағидаларын сақтауда адал болуға дұрыс әрі сауатты, нақты нұсқау беруі дей аламыз.

Сұхбаттасқан
Азат МҰСАҰЛЫ,
журналист Алматы қаласы