кітап 6

ҚҰТТЫМБЕТҰЛЫ НАУРЫЗБАЙ

Құттымбет (Құтпанбет) ұлы Наурызбай (1706-1781) жоңғар басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан атақты батырлардың бірі, белгілі қолбасшы. Шыққан тегі Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Мекені Алматы қаласы маңындағы Жалпақтөс, Серіктас деген жерлер.

Ел басына түскен ауыртпалық өзге замандастары сияқты Наурызбайды да ерте есейтеді. Оның ересектер қатарына қосылуына нар тұлғалы алып денесі де септігін тигізген сияқты. Халық жадында оның «Торы ала тұлпарды, түйе тұрпатты» батыр бейнесінде қалуы да содан.

Наурызбайдың өмірі жоңғарларға қарсы күресте өтеді. Ол атақты Аңырақай шайқасына қатысып, жиырма үш жасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе жекте өлтіріп, батыр атанады. Батырдың ерлігіне риза болған елі: «Наурызбайдың екпіні таудан асқан тасқындай. Қалмақты қойдай қырады, оттан судан тартынбай. Тор ала тұлпар астында, шойын шоқпар қолында. Түйе тұрпатты тұтқыр ер, оңды солды ұрады» деп, оның атын жырға қосып, мақтан тұтады.

Аңырақай шайқасы қазақ қауымы біріксе, жоңғарларды жеңетінін, жау қолында қалған жерді азат етуге болатынын анық көрсетіп береді. Абылай Арқаға барғаннан кейін тұс-тұсқа жаушы жіберіп, жаңа күш топтайды. Осыған Ұлы жүзден Өтеген, Райымбек, Наурызбай секілді батырларды шақырады. Райымбек бара алмай қалады, Өтеген мен Наурызбай жауынгерлерін ертіп, мерзімді уақытында жетеді. Бірақ кейін Өтеген батыр Абылайдың Қытаймен жасаған қарым-қатынасының саяси мәніне түсінбей, оған қарсы болып, еліне қайтып кетеді. Ал Наурызбай Абылайдың қасында болып, оның сенім артар атақты батырлардың біріне айналды.

Қол бастап талай шайқасқа қатысқан Наурызбай батыр 1750-1752 жылдары Бәсентиін Малайсары, Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен бірге тізе қоса қимылдап, қазақ қолының жеңісті жолын жалғастырып, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып тастайды.

Жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық соғысына Наурызбайдың өзімен бірге Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген бауырлары да қатысады. Бірақ олардың бәрі де жау қолынан қаза табады.

ТОЛЫБАЙҰЛЫ ОЛЖАБАЙ

Толыбайұлы Олжабай (1709-!783) — жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақтың атақты батырларының бірі. Шыққан тегі — Орта жүздің Арғын тайпасынан.

Олжабайдың арғы атасы Айдабол он үш жасында би болған. Осы Айдаболдың үш әйелінің бәйбішесінен — Жанқозы, Малқозы, Кенжеқозы, ортаншы әйелінен Қарақозы, Бозқозы, Аққозы, тоқалынан — Қожагелді мен Тайкелтір туады. Балаларының бәрі де «сен тұр, мен атайын» әрі шешен, әрі батыр болып өседі. Жалғыз-ақ бәйбішесінің Кенжеқозысы қыршын жас кезінде өліп, айттырып қойған қызы оң жақта жесір қалады. Ол үйсін Қаратай батырдың қызы екен. Әкесі осы қызды тоқалдан туған Тайкелтірге алып берем дегенде, Жанқозы: «кіндіктесімнің жесірін тоқалдың баласына алдырмаймын» деп, зорлықпен қызды інісі Малқозының баласы Толыбайға алып береді. Осы Қаратай батырдың қызынан Олжабай туады.

Әкесі Толыбай атақты «Ақтабан шұбырындыда» босқан елді жау өтінен қорғап жүргенде оққа ұшады. Осы кезде он үшке жаңа толған Олжабай нағашысы Қаратай батырдың қолына барып, сонда тәрбиеленеді.

Халықтың шежірелерінде, ауызша әңгімелерінде Олжабай туралы өте көп айтылады, өлең жыр, дастандар да баршылық. Онда Олжабайдың батырлығы, тапқырлығы, мергендігі ерен сүйіспеншілікпен сөз болады.

Оның есімі он сан орта жүзге ұран болған. Халық жырларында: «Олжабайлап» жауға шапқанның жеңбейтіні болмаған. Үрей туғызатын ұранды пайдаланып, өзгелердің де жауға «Олжабайлап» шабатын кездері болған көрінеді.

Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары секілді батырлармен бірге тізе қоса отырып, ата жауға қарсы талай жорыққа қатысқан. Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері Баянауылда баурайындағы қалмақтармен болған шайқасы. Осында Олжабай жиені Жасыбаймен бірге қалмақтардың жолын тосып жатады. Жасыбай жасағымен Шойынкөлге өтетін асудың аузында, Олжабай Торайғыр көліне өтетін асудың аузында жатып, жау қолын күтеді. Бұлардың жол тосып жатқанын қалмақтар да біліп, қапысын тауып, Жасыбай қолына тосынан келіп тиіседі. Жасыбай осы шайқаста қаза табады.

Жау келгенінен хабарланған Олжабай көмекке ұмтылады. Ол жауды қоршап алып, таудың бір қуысына тығып қойып қойдай қырады. Сонда Олжабайдың сұсын көрген жолдасы Төрткул Баймұрат батыр: « Енді сен дем ал, мұнда саған қарсы келер ешкім қалған жоқ. Қалған құтқаны болса, маған сауға бермейсің бе» деп, атының сулығынан ұстағанда, Олжабай: «Жасыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ қой» деген екен күрсініп. Кейін халық қапыда кеткен есіл ердің құрметіне Жасыбайдың жау күткен асуын «Жасыбай асуы», Шойынкелді «Жасыбай көлі» атап кетіпті. Ол жерлер бүгін де солай аталады.

УӘЛИҰЛЫ АБЫЛАЙХАН

Уәлиұлы Абылайхан (1711-1781) — қазақ халқының әйгілі ханы. Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, төре. Шежіре деректері бойынша Шыңғыс хан — Жошы хан – оның төртінші ұлы — Тоқайтемір — Қожа — Бадақұлан — Өріс хан — Құйыршық хан — Барақ хан — Әз Жәнібек — Жәдік — Шығай хан — Ер Есім хан — Жәңгір хан — Уәли Сұлтан — Қанішер Абылай сұлтан — Көркем Уәли — Абылай (Әбілмәнсүр) хан болып таратылады.

Абылай хан, әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін жойылып кету қаупі төніп тұрған, өлім мен өмірдің арасында күн кешкендей алмағайып заман болатын. Батысында отаршылдық дәмін татып, тәсілін меңгеріп үлгерген Ресей империясы кеуделеп келе жатты. Шығысында өзін аспан әміршісіне балайтын Қытай империясы айдаһардай ысқырып тұрған кез. Оңтүстігіндегі елдерді ислам фанатизмі тұтастындырып, тәңірлік наным сенімді өмір салты еткен қазақ даласына олар да ит көрген ешкідей ажырайып қарайтын. Әсіресе, көшпелі өмір салты ұқсас, мекен тұрағы жапсарлас Жоңғар хандығы деп аталатын ойраттардың саяси бірлестігі (1635 — 1758) аш бүйірден шаншудай қадалады. Осынау тарихи жағдайды сол кездің дуалы ауыз ақыны бір ауыз өлеңмен былай бедерлейді:

«Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Былай барсаң Қалмақ бар,

Күшіңді еппен алмақ бар.

Былай барсаң Қытай бар,

Жапырағыңды бұтай бар.

Былай барсаң орыс бар,

Балаңды берсең қоныс бар.

Бір шумақ өлең аясына сол кездің әскери саяси ахуалы ғана сыйып тұрған жоқ, сонымен бірге қазақ даласына сұғын қадаған елдердің дипломатиялық талғам тәсілі мен басқыншылық тактикалары да айқын аңғарылады.

Абылай хан көзін ашар-ашпастан тағдырдың осындай зұлмат тауқыметімен беттесті. Жастайынан жетім қалған Абылай Төле би сияқты ақылгөй абыздың, Әбілмәмбет сияқты ханның, Бөгенбай сияқты батырдың тәрбиесін көріп ел жұрттың саяси әлеуметтік өміріне қоса жорық жортуылдардың да қыр сырына көз қанықтырып, көңіл зерделетіп, бой үйретіп өседі.

Абылай ханның бүкіл өмірі бір ғана мақсатқа бағынды. Ол ең далада еркін өскен қазақ халқын аман сақтап қалу үшін барлық ақыл-ойы мен қажыр қайратын сарқа жұмсады. Осынау ұлы мұрат жолында Абылай хан пендешіліктің бәрін тәрік етіп, шын мәнінде исі қазақтың біртуар көсемі бола білді. Ол он бес жасынан бастап қан майданды көзімен көріп, кейін небір қырғын шайқастарда жеке басының ерлік тапқырлықтарымен жеңіс туын желбіретті. Талай рет жекпе жекке тіленіп түсіп, Қалдан Шеріннің сүйікті жиені Шарышты бірме бір шайқаста өз қолымен өлтірді.

«Ықпалы жүрген ер еді,

Алтыннан қылыш будырған.

Абылайлап ат қойып,

Жауды көрсе құтырған»,

деп жырлады оның ерлігіне сүйсінген жырау. Бұл орайда, Абылай хан өзінен бұрынғы Мүде, Бумын, Күлтегін, Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Едіге, Тоқтамыс, Әз Жәнібек, Керей, Бабыр, Есімхан, Қасымхан сияқты, өмірдің барлық сәтінде жеке басымен үлгі өнеге бола білген көшпелілер көсемінің соңғы тұяғы еді. Ел қамы, халық тағдырына қатысты істе Абылай хан ештеңеден тартынған жоқ. Ол елі мен жеріне қауіп төндірген Ресей мен Қытайға тосқауыл болу үшін күші жетпей, сөзі өтпей қиналған сәттерде ең сүйікті бел балаларын кепілдікке берді. Рухы осындай мықты Абылай хан ардақты батырлары қан майданда қаза тапқанда көзінің жасын сығып тастайтын кездері болған.

Абылай хан ауырып жатқанда Бұхар жырау былай деп көңілін сұрапты деген сөз бар:

«Қалыңсыз қыз алдырған, ханым ай,

Қайырусыз жылқы салдырған, ханым ай.

Үш жүздің боздағын жолыңа шалсам,

Қалар ма екен бір шыбындай жаның ай!» депті.

Халыққа қадірі артқан ханға айтылар сөз осындай ақ болар еді.

Абылай хан қазақ халқының тарих сынынан аман өтуі үшін ең алдымен елдік тұтастық пен дербестіктің қажет екенін терең түсінді. Ол бүкіл қажыр-қайраты мен ақыл-айласын тек қана осы мүддеге бағындыра білді. Бұл мүддені жүзеге асыру жолында ол ерлік ісімен де, шешендік тапқырлығымен де, көреген ақылымен де, шебер ұйымдастырушылығымен де төңірегін таң қалдырып, өз замандастарының бәрінен де бір бас жоғары тұрды. Абылай хан қазақтың айыр көмей, жез таңдай ақын жырауларын, абыз билерін ғана аузына қаратып қойған жоқ. Ол Қытай мен қалмақ тілдерінде еркін сөйлеп, олардың да ықпалды адамдарын ұтқыр сөздерімен тосылтып отырды. Абылай хан қазақтың дәстүрлі мәдениетіне де жүйрік болды. Ол өз жанынан тамаша күйлер шығарып, Шоқан айтқандай, сол заманның эпикалық қарымдағы ерлік істерін күй тілінде бейнелей білді.

Абылай хан қазақ халқының саяси әлеуметтік өміріне қырық жылдан астам уақыт ықпал етіп, билігін жүргізді. Бұл ретте, Әбілмәмбет өлген соң ғана Абылай ресми хан болды деп келетін кәуесет Ресейдің аққаптал саясатынан туындаған жалған сөз. Себебі, Абылай сияқты ірі тұлғаны мойындамау арқылы оның беделіне шіркеу келтіреміз деген дипломатия ол кезде осыны қажет етті. Ол жөнінде И.И.Неплюев: « Қырғыз халқында бас ханның болуы пайдалы болмайтыны былай тұрсын, зиянды да болуы мүмкін» деп жазды. Ал, ақиқатында Абылайдың ақ киізді басып, хандық биліктің тізгінін қолына алғаны Әбілмәмбет өлетін 1771 жылдың көп бұрын. Бұл жөнінде Толыбайұлы Арыстан ақынның мынандай өлеңі бар:

Қылады мекережде байлар сауда,

Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.

Сұрасаң Абылайдың тұрған жері,

Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда».

«Халық айтса қалып айтпайды», Әбілмәмбет ханның 1744 жылы Түркістанға көшуі хандық биліктің Абылайдың қолына әлде қашан көшкендігінің белгісі. Абылай ханның ордасы Көкшетауда болғанмен, оның ықпалының үш жүзге де жүріп тұрғаны тарихи ақиқат. Бұл ретте, ең беделді айғақ Абылай ханның саяси, әскери, әлеуметтік көреген де тегеурінді қимылдары болса керек. Жоңғарлардан азат болған шығыстағы байтақ алапқа Алтай асырып қазақ ауылдарын қоныстандыруы, елдің батыс шекарасының сыртындағы Пугачев дүбірін қолдап, үш мың жан кешті сарбаздарының орыс бекіністеріне шабуыл жасауы, оңтүстікте қырғыздарға қарсы жорық ашып, Іленің сол жағасы мен Шу бойындағы шұрайлы қоныстарды қазақтардың өзіне қайтарып беруі, жай қайтарып қоймай, осы жолы әйгілі Жайыл қырғынында ел рухын аспандатып, жеңіс туын желбіретуі, сөйтіп қазақ пен қырғыз арасына Нарынқолдан Қордайға дейін шекара тартып беруі, бұл шекараның күні бүгінге дейін сақталып отыруы, міне, осынау, ел тағдырының шешуші сәттері Абылай ханның бүкіл халықтық ұлы хан болғанына бұлтартпас айғақ. Мұның сыртында Ресей патшалығымен және Қытай боғдыханымен жүргізген икемді саясаты өз алдына….

Абылай хан туралы әйгілі тарихшы А.И.Левшин былай деп жазды: «Ол ақыл парасаты жағынан болсын, қол астындағы халқының күші мен санының басымдылығы жағынан болсын сол кездегі қазақ даласын билеген замандастарының бәрінен де басым еді».

ДАТҰЛЫ СЫРЫМ

Датұлы Сырым (1712-1802) – Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Шыққан тегі — Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан. Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдішімен аты шыққан «Бала би» атанды. Жасы ұлғайған кезінде отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған, патша әкімшілігінің езіп-жаншуынан, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске шығады. Ол өзінің Орынбордың генерал- губернаторы Игельстромға жазған бір хатында: «Сіздердің түрлі әдістермен алдап, қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі» деп жазады. Бұдан Сырым батырдың қолына қару алып, көтеріліске шығып, басын бәйгіге тігудегі мақсатының айқындығы, халқының мойнына түскелі тұрған сол бұғауды үзуге ұмтылғаны анық аңғарылады. 1783 жылы Сырым бейқам жатқан қазақ ауылдарын шауып, кезекті тонауға келген казак-орыс атаманы Чагановтың отрядымен шайқасып, оны ойсырата жеңеді. Атаманның өзін тұтқындап, Хиуаға құлдыққа сатып жібереді. Бұл патша әкімшілігіне үлкен соққы еді. Соған орай Орал қаласындағы патша әскері түгел аттанып, осы жылдың күзінде Cырымды қолға түсіреді. Бірақ оны Нұралы хан қыруар мал беріп, бірер айдан кейін босатып алады. Түрмеден босағаннан кейін Сырым Табын руының старшыны Тіленші Бөкенбайұлының қолдауымен Oрал казак-орыс әскерімен күресін әрі жалғастырады. Бірақ Нұралы хан бұл жолы Сырымды қолдамайды, қайта оған қарсы шығып, шекаралық әкімшіліктен көтерілісшілерді басу үшін арнайы әскер жіберуін талап етеді. Сөйтіп ол былайғы жерде Сырымға қарсы күресте шекара әкімшілігімен бір болады. Міне, осы кезден, яғни 1784 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы күресте ханының да, қарашасының да ортақ ниеттестігіне ие болып келген көтерілісшілер арасына жік түсіп, Сырым бастаған халық қозғалысының күресі енді Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға қарсы бағытталады. Кіші жүздің көптеген рулары Нұралы ханға бағынбай көтерілісшілер жағына шығады. 1785 жылдың күзінде болған старшындар жиналысы Нұралыны хан деп танудан бас тартады. Келесі жылдың көктемі қарсаңында көтерілісшілердің қысымына шыдамаған Нұралы шекаралық шептегі қамалға қашуға мәжбүр болады. Оның ақыры сол жылы Екатерина ІІ-нің Нұралыны хандықтан түсіру жөніндегі жарлыққа қол қоюына әкеп соғады. Хан тағына Нұралы кетіп, Ералы отырғанымен де жағдай түзелмейді. Халықтың наразылығы одан сайын күшейе түседі. Сырым бастаған көтерілісшілер енді ашық соғыс қимылдарына көшіп, патша қамалдарына шабуыл жасай бастайды. Бірақ олар пәлендей нәтижеге жете алмайды. Елек қамалына жасаған шабуылдың сәтсіздігінен кейін Сырым соғыс тәсілін өзгертіп, партизандық әрекеттер жасауға көшеді. Шекаралық бекіністерге, сұлтандар мен оларды қолдаушылардың ауылына тұтқиылдан шабуылдап, адамдарын тұтқынға алады. 1797 жылы көтерілісшілердің үлкен бір тобы Ералыдан кейін хан тағына отырған Есімнің ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, ханды өлтіреді. Есім ханның өлтірілуі Сырымға тілектес билер мен старшындардың одан ірге ашуына себепші болады. Есімнің орнына Айшуақ хан сайлағаннан кейін, ол Eсімнің кегін алмақ болып, арнайы отряд жасақтап, Сырымға қарсы аттанады. Соңынан індете қуып, маза бермеген патша экспедициясынан ығысып, Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оның көзін жоюдың амалын жасайды. Ақыры оның есебін тауып улап өлтіреді. Бұл жөнінде халық ауызында түрлі әңгімелер айтылады.

МЫРЗАҒҰЛҰЛЫ БЕКЕТ

Мырзағұлұлы Бекет (Бекет ата) (1750-1813) – қазақтың әйгілі батыры, ағартушы, сәулетші. Халық әулие тұтқан. Маңғыстауда туып-өскен. Өзі тұрғызған Оғыланды мешітіне жерленген. Хорезмдегі Пақыржан қажыдан оқып, діни білім алған. Бекет жастайынан білмекке құмар боылп, алғырлық зеректігімен көзге түскен. Ол ат жалын тартып мінген, оң-солын тани бастаған кездің жаугершілігі мол болған. Содан да ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге ерте араласып, парасат-пайымымен, ерлік-табандылығымен жұрт көзіне ертерек түскен. Ол, әсіресе, медресе-мешіттер салдыртып, халықты имандылыққа, кісілікке, ауызбірлікке баулуға айрықша көңіл бөлген. Үстіртті зерттеген топограф Э. Эверсман былай деп жазған: «Үстірттегі тааудан үңгіп жаалған мешіттер араб, парсы жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіштерді Бекет төрт жерден жасаған. Оның бірі Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда. Екіншісі –Бейнеуде, үшіншісі – Жем бойында, төртіншісі – Арал жағасындағы Баялыда» дейді. Мұндай мешіттерде Бекет ата құдайға құлшылық етуге қоса, халықтың сауатын ашып, балаларды оқытатын болған. Тек қана ағартушылық жұмыстары емес, сонымен бірге ел басына күн туған ауыртпашылықта, жаугершілікте халыққа басалқылық жасап, жөн сілтеп отырған. Тікелей өзі араласып, шеп құрып жауға аттанып, небір тамаша ерліктің үлгілерін де көрсеткен. Ел мен жердің тәуелсіздігі үшін ақылымен де, қайратымен де басшы бола білген. Бекет ата салдыртқан мешіттер күні бүгінге дейін біршама тәуір сақталған. Әсіресе, өзінің сүйегі қойылған Үстірттің Маңғыстау жақ ойысындағы Оғыланды мешіті үш бөлме етіп ойылған қалпы әлі тұр. Бекеттің немересі Мұрынның мүрдесі де осында.

НҰРМҰХАММЕДҰЛЫ ЖАНҚОЖА

Нұрмұхаммедұлы Жанқожа (1771-1860) – қазақтың азаттығы жолында арыстандай алысқан атақты батырларының бірі. Шыққан тегі – Кіші жүздің Әлім тайпасының шекті аталып кеткен Жаманақ руынан. Атасы — Киікбай Әбілқайыр ханның батыры, әрі биі болған. Ал әжесі — Тәжі қалмақпен де, орыспен де шайқасып өткен, өлгенде де «табаным тіреп жатсын» деп аяғын Орынборға қаратып көмуді өсиет еткен атақты тама Есет батырдың жалғыз қызы екен. Жанқожа — осы Киікбай мен Тәжіден туған Нұрмұхаммедтің баласы. Ел ауызындағы деректерге қарағанда, Жанқожаның батырлық даңқы тым ерте шыққан. Сыр бойының Қылышбай ханы хиуалықтармен соғысқанда, қазақ батырлары Хиуаның Тықы деген батырын жекпе-жекте жеңе алмай іркіліп қалған бір тұста, 17 жасар Жанқожа өзі сұранып шығып, оны найзамен түйреп түсіреді. Осыдан бастап оның «батыр» атағы жалпақ елге жайылып кетеді. Жанқожа зорлық-зомбылықты білмеген, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Біреудің біреуге жасаған қиянатын кеше алмаған. Біреудің азғыруына еріп, жазықсыз Бұхарбай батырдың ауылын шабам деп, тілін алмай кеткен інісі Жауқашарға « барғаныңнан оралма» деп бата беруі, артынан қаза тапқанда оның сүйегін ауылына әкелдірмей қоюы соның дәлеліндей. Оның бүкіл мағыналы өмірін Хиуа мен Қоқан бақыншыларына, орыс отаршыларына қарсы күреске арнауы да сол зорлық – зомбылыққа, қиянатқа төзе алмайтын қасиетіне негізделген елін, жерін сүйген алып жүректілігі де себеп болса керек. Ел аузында Жанқожа батырдың Созақ қамалын алмаққа келген қазақтың соңғы ханы – Кенесары қолымен бірігіп жасаған шабуылдары жөнінде біраз әңгіме сақталған. Батыр осы жолы әуелі өзінің жігіттерімен Созақ қамалына көмекке келе жатқан Қоқан әскерінің алдынан шығып, оларды талқандап, кері қуып жібереді. Содан кейін Созаққа қайта оралып, Кенесары қолымен тізе қосып, қамалды алысады. Қамалдың қақпасын бұзып, алдымен ішке кірген осы Жанқожа батырдың сарбаздары болыпты. Елін, жерін азат ету жолына бар өмірін арнап, сырт жаумен арыстандай айқасқан есіл ер қартайған шағында, ауыл сыртындағы төбенің басында намаз оқып, құдайға құлшылық етіп тұрған жерінде өз қандастарының қолынан қапылыста қаза табады.

ҚЫРБАСҰЛЫ ЖАУҒАШ

Қырбасұлы Жауғаш (1738-1787) – Абылай ханның белгілі мәмілегерлерінің бірі, атақты батыр, қолбасшы, өз дәуірінің көрнекті қайраткері. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Ботпай руынан. Қазіргі Алматы облысының жерінде туып, Жамбыл облысының жерін мекендеген. Оның ер-тұрманы, қару-жарағы қазіргі таңда Меркідегі өлкетану мұражайында тұр. Жауғаш та өз замандастары секілді, ерте есейіп, қолына ерте қару алған. Ол қырғыздың сарыбағыш руынан шыққан Есенқұл, Садыр деген батырлардың өз еліне жасаған зорлық – зомбылығына кектеніп, 19 жасында Арқаға Абылай ханды іздеп барады. Сонда жүріп Абылайдың сынынан өтеді. 21 жасынан бастап қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан тазарту жорықтарына қатысады. 1755 жылы ол Абылайханнан бата алып, Алатауға келіп, қырғыз елінің ру басылармен ортақ тіл табысып, солардың жасақтарымен бірігіп, Қорғаты мен Шу бойындағы, Меркі мен Кемін өзендері аралығындағы, Алатаудан Балқашқа дейінгі жерлерді қалмақтардан тазартып, оларды Ілеге дейін қуады. Хан тапсырмасын ойдағыдай орындап келгеннен кейін Жауғаш Абылай ханның қасында болып, талай шайқастарға қатысады. Осындай шайқастың бірінде Жауғаш бастаған сарбаздар жанқиярлық ерлік көрсетіп, жараланған Абылай ханды қан майданның ортасынан суырып алып шығады. Ол – бітімшіл мәмілегер. Қазақ хандығының 1756-1758 жылдардағы Қытаймен келісімге келуіне, 1770-1774 жылдардағы қырғыздармен қақтығысының нәтижелі аяқталуына ерекше еңбек сіңіреді. Абылай ханның арнайы шақыруымен Жауғаш жетпісінші жылдардың аяғында қайтадан Арқаға барады. Хан ордасын Түркістанға көшіргенде Тілеуберді, Бүрге батырлармен бірге соның қорғаушысы болады. Жауғаш қандай жағдай болса да сөзіне берік, досқа адал, әділ кісі болған. Өздерімен соғысқан дұшпаны Садырдың бір баласын ертедегі достығы үшін өлтіртпей, ханнан өтініп сұрап алуы соның айғағы. Оның досқа адалдығын Абылай хан да жоғары бағалайды. Жауғаш батыр 49 жасында өз ажалынан қайтыс болды. Халқы аяулы батырын арулап жуып, сүйегін Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қояды.

ӘЛІБЕКҰЛЫ СЫПАТАЙ

Әлібекұлы Сыпатай (1782-1867) — Қоқан басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан батыр, ерлігі мен шешендігі, әділдігі мен ақылдылығы жадында сақталып қалған үлкен бедел иесі. Шыққан тегі – Дулат тайпасының Ботпай руынан. Әкесі Әлібек момын, етік тігіп, өрім өрумен аймағына аты атынлған адам екен. Бірақ балалары – Андас та, Сыпатай да намысқой, өр кеуделі жігіт болып өседі. Көз көрген қарттардан естігені бойынша Сыпатай батыр кескінін Кенен Әзірбаев: «зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып түсіреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты», — деп суреттейді. Тарихтан ХІХ ғасырдың басынан ортасына дейін Оңтүстік Қазақстан аумағының біраз жерін қоқандықтардың басып алғаны белгілі. Басқыншылардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен Сыпатай Қоқан хандығынан елін азат етуді өз өмірінің басты мұраты етеді. Атқа мініп, қол жинап, елге қырғидай тиіп, салық жинап жүрген Қоқан ханының жасауылдарын айдап шығады. Міне, осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрініп, ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді. Арқадан ығысқан Кенесары хан oңтүстікке келіп, Қоқан Хиуа хандығының бекіністеріне шабуыл жасағанын естіп, содан рухтанып атқа қонған ел азаматтарын бастап, Сыпатай да көтеріліске шығады. Кейін Кенесарыға барып қосылады, оның сенімді батырларының біріне айналады. Бірақ Кенесары қырғыздарға соғыс жасағанда, Сыпатай одан бөлініп, өз әскерін бастап кетіп қалады. Оның өзіндік себебі де бар еді. Жиырмадан жаңа аса берген албырт кездерінде өз елінің жуандары ағайынды екі батырды – Андас пен Сыпатайды сыйғызбай қуып жібергенде, олар көрші қырғыздарға барып паналаған болатын. Қырғыз ағайындар елін Қоқан басшыларынан қорғасқан екі батырға риза болып, өз ұлдарындай көріп, алдарына мал салып, үстеріне үй тігіп, қоныстығына жер береді. Қалың малын төлеп қыз әпереді. Қырғыздың солто тайпасының манабы Қанай Сыпатайдың екінші әкесіндей болып, үлкен қамқорлық көрсетеді. Өзін баласындай етіп өсірген елге Кенесары шабуыл жасамақ болғанда, не істерін білмеген ол қатты қиналады. Ақыры өздеріне адамгершілікпен соншалық жақсылық жасап, екінші отанына айналған елге шабуыл жасауға ұжданы жібермейді, әрі ата жұртының ежелгі көршісі бауырлас елмен қарым қатынасты бұзғысы келмейді. Кенесары көтерілісі жеңілгеннен кейін, Қоқан езгісінен елді құтқарудың жалғыз жолы – Ресей қарамағына өз еркімен ену деп түсінген ол орыстың патшасы Александр ІІ-ге хат жазады. Орта Азияны жаулап алу құлқының тесіп отырған патша өкіметі кідірмей, 1863 жылы Верный қаласындағы полковник Черняевқа Қоқан хандығына қарсы жорыққа дайындалуға бұйрық береді. Бұл жорыққа Сыпатайдың балалары қатысады. Орыс патшасы Сыпатайдың еңбегін жоғары бағалап, шен және бағалы сыйлықтар береді. Сыпатай — сексен бес жыл жасаған өмірінің саналы алпыс жылын күрес-тартыспен өткізіп, шапқыншылықты күнде ерлігін, бейбіт күнде мәмілегер әділдігін танытып, халқына қалтқысыз қызмет еткен ерлердің бірі.

БӨКЕЙҰЛЫ ЖӘҢГІР ХАН

Бөкейұлы Жәңгір хан (1801-1845) – Кіші жүздің Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілқайырдың шөбересі, Нұралының немересі. Оның шын аты Жиһангер.

Әкесі Бөкей Еділ мен Жайық арасындағы елін әуелі сұлтандық дәрежеде басқарады да, кейін орыстың қазақ хандықтарын бөлшектеп, әлсірете беру саясатына орай 1812 жылы хан атағын алады. Бірақ ол хандықтың қызығын көп көре алмай, 1815 жылы қайтыс болады. Хан тағы мұрагерлік жолмен Бөкейдің артында қалған үш баласының үлкені сыртта Астрахан губернотары Андреевскийдің үйінде оқып жүруіне байланысты, ол ер жетіп, оң солын жете танығанша билікті Бөкейдің інісі Шығай сұлтан қолға алады.

Еуропалық білім алып, орысша тәрбиеленіп, хандықты әкімшілік жағынан басқару тәсілдерін үйреніп келген жас жігіт 1823 жылдан бастап билік тізгінін өз қолына алғаннан кейін, патша өкіметінің саясатын бұлжытпай орындап, Батыс Қазақстанда жүзеге асырушы қуыршақ ханның бірі болады.

Жәңгір билік еткен кезде Еділ, Жайық өзендері мен Каспий теңізінің жағалауындағы жерлерді қазақ шаруаларының пайдалануына тиым салынады. Олардың бұл өңірлерге мал жаюға, балық аулауға қақылары болмайды. Бұған салықтың көбеюі мен бөлісінде шаруалар үлесінің кемуі келіп қосылды да, осының бәрі жиылып келіп, Бөкей ордасында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған шаруалар көтерілісінің тууына әкеп соғады.

Жәңгір хан өзі билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Ол ашқан мектептен білім алған алғашқылардың бірі белгілі қазақ этнографы, Орыс география қоғамының қызметкер мүшесі Мұхаммед Салық Бабажанов бұл ретте: «…ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттілігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, 60 адам ислам діні, орыс жазуы және тіл жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін «Жәңгір мектебі» деп аталып келді. Ондағы 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда» деп жазады.

Жәңгір хан бойында жақсылығы мен жамандығы жарыса өріліп, атқарған ісінен орайына қарай осының екеуі де көрініс беріп тұратын күрделі тұлға. Жақсысын көріп, асқақтатып, аспанға шығармай, жаманын көріп, жатқа санап, жарға итермей, адамгершілікті биік парасаттылықпен тарихи бағасын берер кез енді келді деп білеміз. Қалайда Жәңгір ханның халқымыздың тарихында өзіндік орны бар екені ешқандай дау тудырмаса керек.

Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасындағы хан өкіметі жойылып, басқару жүйесі қайта құрылды.

ТАЙМАНҰЛЫ ИСАТАЙ

Тайманұлы Исатай (1791-1838) – 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы.

Ел ісіне ерте араласқан Исатайдың кемелденуіне қайын ағасы Жабай Бегалиннің көп көмегі тиеді. Ол кісі орысша оқыған, әжептеуір сауаты бар адам болған, старшын қызметін атқарған. Ол өлгеннен кейін оның орнына Бөкей хан Жабайдың тәрбиесін көрген Исатайды старшын етіп тағайындап, оны Орынбор шекара комиссиясы бекітеді.

Күн санап ел арасында беделі асып бара жатқанын көре алмаған хан төңірегіндегілер оның беделін түсіру үшін түрлі жала жауып, ханға шағыстырып бағады. Соның салдарынан бас аяғы 4-5 жылдың ішінде бірінде старшын Өтеміс Құлманиязовты тонады деген, екіншісінде кісі өлтірді деген жаламен түрмеге қамалады. Оның алғашқысынан ақша беріп құтылса, екіншісінен Орынборға конвоймен айдалап бара жатқан жерінде, есебін тауып, қашып кетеді.

Бұл кезде Қазақ хандығының ішкі ісіне тікелей араласа бастаған Ресей отаршылары қазақтардың құнарлы жерлерін тартып алып, өздерін сыртқа қуады. Орал казак-орыстары Жайық бойын иемденіп алады. Мұндай қысымшылықты Исатай старшыны болып жүрген беріш руы да көреді.

Осы кезде Жәңгір ханның Жайық бойындағы руларды екіге бөліп, бірін қайын атасына, екіншісін жұртқа зорлық-зомбылығымен аты шыққан саудагер Қарауылқожаға басқартып қоюы жоқшылықтан ашынған шаруалардың ашу ызасын тудырды. Исатай ханнан Қарауылқожаның озбыр билігіне тиым салуын талап етеді. Оған жауап ретінде хан бес жүздей әскермен Қарауылқожаны аттандырып, оған Исатайды 200 жігітпен оған қарсы шығады. Бетпе бет келгенде Исатайдың батыр жігіттеріне шамасы келмейтінін біліп, Қарауылқожа кейін қайтады.

Осыдан кейін Каспий жағалауындағы халық Қарауылқожа мен Балқы биге бағынудан қашып, Исатай мен Махабеттің төңірегіне тұс тұстан келіп жинала бастайды. Мұның аяғы тарихтан белгілі 1836-37 жылдардағы Бөкей     ордасындағы шаруалардың феодалдық қанау мен патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көтерілісіне ұласады. Көтеріліске Исатай мен Махамбет басшылық жасайды. Көтеріліс бүкіл халықты қамтиды. 1837 жылдың қазан айында Исатай 2000 жауынгермен келіп, хан ордасын қоршап алады. Бірақ көтерілісшілерге қосылғанымен, ханнан қол үзгісі келмеген билердің ықпалымен Исатай орданы бірден басып алмай, хан мен орыс полковнигі Геккемен пайдасыз келіссөз жүргізіп уақытты өткізіп алады. Осы уақытта ханға көмекке жіберілген казак орыс отрядтары ордаға жетіп үлгіреді.

Қараша айында Тастөбе деген жерде шешуші шайқас болады. Қанша ерлікпен шайқасқанымен, көтерілісшілер орыстың отты қаруына төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырайды. Жазалаушылар көтерілісті аяусыз басады. Тұтқындарға 500-ден 2000- ға дейін дүре соғып, Сібірге айдайды.

Аман қалған жігіттермен Исатай Жайықтан өтіп кетеді. Хиуаға хан болам деп жүрген Қайыпқали сұлтанмен уақытша келісім жасап, Исатай 1838 жылы Баймұхаммед сұлтанның ордасына шабуыл жасайды. Осы шайқаста Исатай жау қоршауында шабуыл жасайды. Осы шайқаста Исатай жау қоршауында қалып, қаза табады.

ҚАСЫМҰЛЫ КЕНЕСАРЫ ХАН

Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген ноянның қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.

1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.

Кенесары көтерілісін жер жерден қолдаушылар көбейеді. Өйткені патша әкімшілігі қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер сала бастайды. Көшпелі ел ата қонысынан айырылып, мал жаятын жаңа жер іздеуге мәжбүр болды.Оның үстінен патша үкіметінің алым салығының ауыртпалығы да оларды діңкелетіп біткен еді. Осының бәрі қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, оларды Кенесары бастаған көтерілісті жан жақты қолдауға итермеледі. Көпшіліктің қолдауымен Кенесары 1841 жылы Қазақ хандығының ханы болып сайланды.

Патша өкіметі кесіп алған жерлерді заңды иесіне қайтару жолындағы күресте Кенесары әскери күштерді ұйымдастыру барысында Орта Азия хандықтарының тәжірибесіне сүйенеді. Ол өз әскерін жүзге, мыңға бөліп жүзбасылар мен мыңбасыларды тағайындады. Әскер тәртібін бұзғандар қатал жазаланды.

Кенесарының сыртқы саясатының басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ хандығын құру болатын. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынан өзіне сүйеу іздейді, олардың ішкі ісіне араласып, билеушілерін өз жағына тартуға күш салады. Хиуа ханы мен Бұқар әміріне өз елшілерін жіберіп, байланыс орнатады. Орта Азия мемлекеттерімен сауда көлемін ұлғайтып, олардан өздеріне қажетті қару жарақ, оқ дәрі алып тұрады.

ҚОҢЫРБАЙҰЛЫ АҒЫБАЙ

Қоңырбайұлы Ағыбай (1802-1885) – қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен әйгілі батыр, қолбасшы. Қазақ ханы Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы жүргізілген көтеріліс басшыларының бірі. Туып өскен жері Қарағанды облысындағы Балқаш, Бетпақдала алабымен жапсарласып жатқан Арқаның Қызылтау, Ортау, Ақтау, Ұлытау деп аталатын сілемді таулары. Топырақ бұйырған жері — Ағадыр елді мекенінің оңтүстігінде 80-90 шақырымдай жерде ағып жатқан Қаратал өзенінің бойы, Тайатқан, Шұнақ тауларының алқабы. Ағыбай батырдың шыққан тегі Орта жүз Арғын, оның ішінде Шұбыртпалы руынан өрбиді. Нағашы жұрты Орта жүздің ноқтағасы Тарақты елі. Абылай ханның сенімді серігі, әрі ту ұстаушы батыры Наймантайұлы Байғозының Қойсана есімді қызы Ағыбай батырдың анасы. Тарихтан белгілі Абылайханнан тараған ұрпақтың ішінде Қарақалпақ қызы Сайман ханымнан туған Уәлихан бастаған балалары амалсыздан Ресей отаршылдығына мойын ұсынды да қалмақ қызы Топыш ханымнан туған Қасым бастаған балалары Ресей отаршылдарына қарсы бітіспес күрес жүргізіп өтті. Қасым сұлтан өз тұсында Көкшетау өңірінде орыс әскерінен қысым көріп, Арқаның бетпақ даламен жапсарлас өңірін қоныс ететін Қаракесек, Шұбыртпалы, Тарақты руларының жеріне ығысуға мәжбүр болған. Ағыбай батырдың да азаттық күресіне ертерек араласуы осы Қасым сұлтанмен, оның баласы Кенесары ханмен етене аралас, мүдделес болуынан басталады. Ресей империясының отаршылдың саясатына қарсы 1824 жылы Қарқаралы аймағында болған көтеріліске белсене қатысқан ағыбай алғаш рет ерлік-батырлығымен, тапқырлық-табандылығымен көзге түседі. Мұнан екйін де 1826, 1827, 1829, 1832 жылдары Ресей әскерімен болған қақтығыстарда Ағыбай батыр өзін ел үшін белін бекем буған қаһарман батыр, қабырғалы қолбасшы ретінде танытады. Ресей отаршылдығына қарсы Орта Азиядағы түркі тілдес халықтармен бірігіп, күрес жүргізу мақсатымен елшілік келісімдерге қатысады. Қасым сұлтан ташкенттік Бегдербектің қолынан қаза тапқан соң, Шу бойындағы Бесқұлан деген жерде Ағыбай бастаған қазақ қосындары өзбек әскерлерін тас талқан етіп жеңіп, Түркістан аймағын өзбек ықпалынан сейілтеді. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық соғысы қарқын алған кезде, 1837 жылы Айыртаудың етегінде Кенесарыны Орта жүзге хан етіп көтергенде, Ағыбай батыр да бір ауыздан бас сардар әскер басы болып тағайындалады. Кенесары ханның тікелей басшылығымен Ағыбай батыр бастаған қазақ қосындары Ресей империясының Қазақстандағы тірек орталықтары Қарқаралы, Ақмола, Ақтау, Екатеринбург бекіністеріне шабуыл жасап, орыс әскерлеріне Ырғыз, Тобыл бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында талай рет ойсырата соққы береді. Кенесары хан бастап, 1847 жылы Кекілік тауында қырғыздармен болған қанды шайқаста Ағыбайдың қолы шепті бұзып шығады. Осы шайқаста Кенесары өлген соң да Ағыбай батыр Ресей өктемдігіне қарсы күресін тоқтатпайды. Ресей үкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуыл ұйымдастырып, кейін Сыздық төре бастаған отаршылдыққа қарсы бағытталған қозғалысқа қосылады. Салт атты әскери тактиға жүйрік Ағыбай батырды замандастары «Ақжолтай батыр» деп атап, оның есімін ұранға қосқан. Ағыбай қартайып бойынан қуат қайтқан шағында ауыл елін егіншілікке, балықшылыққа жұмылдырып, бас көз болған. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін барлық өмірін арнаған Ағыбай батырдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің еңбектеріне арқау болған.

ӨТЕМІСҰЛЫ МАХАМБЕТ

Өтемісұлы Махамбет (1804-1846) – қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы. Туып өскен жері Ішкі Бөкей ордасының Бекетай деп аталатын өңірі. Бұл қазіргі Орал облысының Жәнібек ауданына қарайтын жер. Шежіре дерегі бойынша он екі ата Байұлының бір бұтағы Беріш ішінде Нәдір деген кісіден Мәлі (кейбір деректе Құлмәлі, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлінің қазақ әйелінен Өтеміс пен Шыбынтай, қалмақ әйелінен Қобылай туған. Өтемістен он ұл, Шыбынтайдан төрт ұл, Қобылайдан үш ұл туып, Мәлі ұлдың өзінен он жеті немере сүйген адам. Бұл әулет Тайсойған құмындағы іргелі ауылдардың бірі.

Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Ол өзі туып өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет сияқты біртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкірегіне тоқып өсті. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Орыс, татар, араб тілдерін тәуір меңгерген. Мұны ол жазған хаттардан айқын аңғаруға болады.

Махамбет Ресей отаршылдығының барша ауырлық тауқыметін көзімен көріп, оның барша зорлық-зомбылығын басынан өткеріп, ғұмыр кешкен адам. Сондықтан да 1836 жылы әбден шыдамы таусылған халық теңіздей толқып көтерілгенде, осынау тегеурінді дүмпудің дем берушісі Махамбет болды. Ол Исатай батырмен бірге арыстандай ақырып, азаттық туын қолдаса көтеріп шықты. Азаттық үшін күрес Махамбеттің бүкіл өмірінің мазмұнына айналды. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтік теңдігін Махамбет жеріне жеткізе жырлаған әйгілі ақын. Ол поэзияда қандай дара болса, күй өнерінде де сондай дара.

Махамбет көшпелілер өркениетінің осынау жарық дүниемен шарқырап тұрып қоштасқан соңғы үні. Жалына қол тигізбейтін көшпелілердің қыл сағағын тағдыр тұзағы қылқындырған сәтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серпігендей. Қазақты ұлт ретінде даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелілер мәдениетінің буырқанып келіп, жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет тәрізді. Шыны да сол. Егер, қазақ халқының рухани үрдісін кең аяда тарихи құбылыс ретінде елестетер болсақ, онда Қорқыттан Асанқайғыға дейін, Асанқайғыдан Махамбетке дейін, Махамбеттен Абайға дейін, Абайдан бүгінге дейін деп төрт кезеңге бөлуге болар еді. Махамбет заманы көшпелілер рухының айының батып, күнінің тұтылған кезі. Сондықтан да, көшпелілер мәдениетіндегі эпикалық синкреттілік Махамбет болмысымен түйінделеді. Бұдан былай өнер қоғамдық құбылыстарды реттеушілік міндетінен айрылып, эстетикалық алданыш болуға көшкен. Махамбеттің әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен, әрі жырау, әрі күйші болуында осындай тарихи әлеуметтік сұраным болған.

ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ АРЫНҒАЗЫ

Әбілғазизұлы Арынғазы (1785-1833) – алмағайып аласапыран заманда өмір сүріп, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі үшін арыстандай арпалысып өткен көрнекті мемлекет қайраткері, көреген саясаткер, төре күйлерінің негізін салушылардың бірі болған дәулескер күйші-композитор. Арынғазы қазақ сахарасына әйгілі болған текті әулеттен. Шежіре тілімен айтқанда, қазақ халқының шаңырағын көтерген Әз Жәнібектің баласы Жәдік сұлтаннан өрбіген әйгілі Батыр сұлтанның шөбересі болып келеді. Батыр сұлтан, одан – Қайып, одан Әбілғазиз, одан – Арынғазы. Мемлекет қайраткері, саясаткер ретінде Арынғазы қос бүйірдегі көршілері Ресей мен Хиуаға тең саясат ұстанып, екеуінің де қорқау ниеттеріне тосқауыл болды. Әкесі Әбілғазиз 1815 жылы дүние салған соң, Арынғазы хан болып сайланғанда, Жанкент қаласында Шекті, Шөмекей, Жaғалбайлы, Төртқара, Жаппас руларының көсемдері оны ақ киізге отырғызып көтеріп, төбесінен алтын мен күміс теңгелер құйған. Ал, Бұқар әмірі Арынғазының таққа отыру құрметіне арнайы хандық мөр құйдырып, алтын оқалы шапан пен арғымақ ат тарту еткен. Тек, Ресей патшасы ғана, Абылайды, Батырды, Қайыпты хан деп мойындамағаны сияқты, аққаптал саясат ұстанып, Арынғазыны хан ретінде мойындамайды. Арынғазы хан тағында болған кезеңде ел ішінің береке-бірлігіне айрықша көңіл бөлген. Ол ел басқару ісінде ақыл-парасаты кемел ру басыларына сүйеніп, қазылар сотын құру арқылы қол астындағы халықтың жарастықты өмір сүруіне жағдай жасады. Халық тынышын алған отыз баукеспе барымташыны өлім жазасына кескізуі Арынғазының ел мүддесі үшін бәріне де дайын болғанын көрсетеді. Арынғазы хандық құрған кезде ру аралық дау-шар тиылып, көрші елдермен сауда-саттық жанданды. Әсіресе, Ресейдің Орта Азия елдерімен арадағы сауда жолдарының қауіпсіздігіне Арынғазы өз тарапынан кепілдік беріп отырады. Бұл ретте ол хиуалықтардың арандату әрекеттеріне тойтарыс беріп, қанды қақтығыстарға да барып отырды. Мұндай саясатқа іш тартқан Ресей өкіметі Арынғазыны Кіші жүздің хандық кеңесінің төрағалығына сайлап, гаухар тас орнатылған алтын медальмен марапаттайды, 500 рубль көлемінде жалақы тағайындайды. Ел ішіне жарастықты ахуал орнатқаны үшін халық оны «Тыным хан» деп атады. Ол Кіші жүз бен Орта жүздің ықпалды адамдарымен ақыл тоғыстырып, дербес хандық құру жөнінде тегеурінді қимылдарға мұрындық бола білді. Алайда, Арынғазының ел ішіндегі беделі мен ұстанған бағыты Ресей өкіметіне секем алдырады. Орынбордың әскери губернаторы генерал-лейтенат П.К. Эссеннің дем беруімен 1821 жылы Арынғазы Кіші жүздің хандық билігін иемденіп қайту ниетімен Санкт-Петербургке аттанады. Көктен тілегенін жерден бергендей, Ресей саясатының қанды шеңгелі Арынғазыны қайтып уысынан шығармайды. Ол 1823 жылы Калугаға жер аударылып, 1833 жылы Шоқан Уәлиханов, Мұхамбет-Салық Бабажанов сияқты, белгісіз жағдайда, белгісіз себептен дүниеге салады. Елім деп еңіреп өткен есіл ердің сүйегі күні бүгінге дейін Калуга топырағында. Жомарт табиғат Арынғазының бойына атты адам түсіп, жаяу адам жатып қарайтындай ғажайып қасиеттер дарытқан. Қатарынан иығы асып тұратын сұңғақ бой, көрген жанның көзін қарықтыратын сұлу пішін, аттылы жаяуға бірдей жауынгерлік шалым, құралайды көзге ататын мергендік, найзағадай шапшаң қылышкерлік…. Осының бәріне қоса Тәңірі оған халқы үшін жанын ойланбай құрбан ететін асқақ рух, сахара сарбаздарына тән мәрт мінез, жомарт пейіл, сұлулыққа іңкәр нәзік сезім, сол сезімді биік өнер тілінде сыртқа шығара алатын бұл дарын берген. Арабша, шағатайша, орысша сауаты кемел болған. Оның беліне таққан қылыш үшін Санкт Петербургтің сайып қыран офицерлері ойланбастан Ресейдің 6 мың рублін ұсынған.
Арынғазы сахараның сағағынан үзілген төрт аруына үйленген. Алғаш жар еткен Балым ханым Арынғазының артынан Калугаға іздеп барған. Ал, Мәдина сұлу Арынғазымен Калугада бірге болған. Арынғазы қайтқан соң Мәдина Москвада тұрақтап қалады да, одан туған ұрпақ тағдырдың жазуымен орыстанып кетті. Арынғазыны көрген замандастары ол туралы небір таңданыс-сүйсініске толы деректер қалдырған. Бұхар әмірі оның парасат болмысына сүйсініп «мұсылмандар әмәрә» деп атаған. Барон Е.К.Мейендорф ол туралы: «Арынғазының бар болмысы, оның арман-аңсары, оның әрекет тірлігі, оны қатардағы пенде атаулыдан анағұрлым асқақтатып көрсетеді», — деп жазды. Ал, Ресей елшісі А.Б.Негри былай деді: «Бұл сұлтанның тал бойындағы ар-имандылық пен қайраткерлік, ақ ниеттілік пен ержүректік біте қайнасқан». Ресей тарихшылары Арынғазыны бір ауыздан: «қазақ сұлтандарының ішіндегі халқын шын сүйген жалғыз адам, ары кіршіксіз таза адам» деп бағалады. Арынғазының ерекше жаралған болмыс-бітіміндей болып, оның сұлулық пен азаттыққа іңкәр асқақ рухындай болып артында «Арынғазы» күйі қалды. Ол күй аманат-өсиетіндей болып қазақ халқымен мәңгі бірге жасайды.

ШЫҒАЙҰЛЫ ДӘУЛЕТКЕРЕЙ

Шығайұлы Дәулеткерей (1814-1887 ) — қазақтың әйгілі күйші композиторы, төре күйлерінің негізін қалыптастырушы. Бұрынғы Бөкей ордасында, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарамола деген жерде дүниеге келіп, өзінің ата қонысынан топырақ бұйырған. Ата бабасы Өріс (Орыс) ханнан бері қарай хандық биліктен қол үзбеген. Бөкей хан өлген соң, Дәулеткерейдің әкесі Шығай сегіз жылдай Бөкей ордасына хандық билігін жүргізген.

Дәулеткерей төре күйлерінің дәстүрін біржолата орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп ете алған адам. Сондықтан да болар, Дәулеткерейді академик А.Жұбанов «төре күйлерінің атасы» дейді.

Әрине, Дәулеткерей тақыр жерден өнген дарын емес. Ол өскен ортада күйшіліктің әбден қалыптасқан дәстүрі болған. Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші домбырашылар Орда төңірегіне құлақ түргізген дарын иелері еді. Дәулеткерей осы күйшілердің дәстүрін шабыт тұғыры еткен. Әсіресе, оның күйшілік өнерге елдік мазмұн дарытып, шабыт жанығандай күй кешуіне Құрманғазымен кездесуі себепші болады. Қос ұлы күйші іштей түсінісіп, жан жүректері жарасып, тіптен, бір-біріне күй арнайды.

Дәулеткерей бойындағы дарынның тек тамыры сөз болғанда өзі шыққан әулеттің өнерпаздық дәстүрін де айта кеткен жөн. Бөкей ордасындағы төре тұқымдарының арасында хандық билікті күйттеуден гөрі өнер мен ғылымға құлай берілгендері де аз болмаған. Дәулеткереймен немере болып келетін Мұхит бүкіл Кіші жүздегі ән мектебінің туын көкке шанышқан дарын.

Сондай ақ Арынғазы, Жантөре, Өрейжан сияқты өкше басар інілері де төңірегін күймен баураған өнерпаздар болған. Тіптен, бел баласы Салауаттың өзі сұлтандық билікті тәрік етіп, күйден көбірек жұбаныш тапқан. Дәулеткерейдің туған жиені Бөкейханов Науша бүкіл өмірін нағашысының күйлерін насихаттауға арнаса, екінші жиені, Орынбордың кадет корпусын бітірген дарынды түлек Бабажанов Салық бүкіл өмірін халықты билеуге емес, ғылым білімге арнаған.

Дәулеткерей алғаш рет жастық сезімнің қарлығашы сияқты «Ақжелең», «Қосалқа» сияқты күйлерін шығарған. Дарынды күйшінің жарқын сезімге, сұлу суреттерге бай өзіндік қолтаңбасы осы күйлерінің өзінен ақ айқын аңғарылады. Жастық шағында ұлы күйшінің жақсыға қызыққанын, жүйрікке құмартқанын, сұлуға сүйсінгенін, тіптен жастыққа жарасатын жалын сезімге бой алдырған сәттерінің аз болмағанын байқау қиын емес. Бұған оның «Қыз Ақжелең», «Қосалқа», «Ысқырма», «Желдірме», «Қоңыр», «Құдаша» сиқты күйлерінің тақырыб ғана айғақ емес, ең алдымен осы күйлердің жүрек тербер сазы, қалтқысыз сезімі, бозбаладй елпілдеген мінезі куә.

Дәулеткерей өзі туып, өскен ортадағы ел жұрттың тағдыр тіршілігіне ерте араласқан. Хан сұлтандықтың өз төңірегіне ғана түгін дүрдиткені болмаса, күні өтіп бара жатқан қаугөрік халін ерте түсінген. Орданың ғана емес, байтақ елдің тағдыры отаршылдықтың қыл тұзағына шырмалғанын ерте сезінген. Дәулеткерейдің ең бір драмалық шиеленіске толы үйлері осындай ахуалмен байланысты дүниеге келген. Ол «Тартыс», «Шолтақ», «Топан», «Жігер» сияқты күйлері арқылы өзі куә болған өмірдің қан сөлін сорғалатып көрсете отырып, сол өмірге суреткер ретінде өз үкімін айтқан. Әсіресе, «Жігер» үйінің жөні бөлек. «Жігер» Дәулеткерейдің ғана шыққан биігі емес, бүкіл қазақ күйлерінің асқар белі.

Егер, дүние шіркіннің дидарында осынау фәни жалғанға жылап келіп, жылап кететін адамның көңілін жұбататын, жүрегін жылытатын, санасын сергітетін бір құбылыс болса, ол Дәулеткерейдің күйлері. Ұлы күйші қиын заманның қасірет қамауына тап болған бейбақ халқын домбырасымен жұбатқан.

ҚАЗАНҒАП ТӘТТІМБЕТ

Қазанғапұлы Тәттімбет (1815 — 1860) – қазақтың әйгілі күйші композиторы. Туып өскен жері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Дастар тауының етегі, Мыржық ауылы, Қызылжал қыстауы. Бұл жерді Мөшеке бұлағы деп те атайды. Мөшеке Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небәрі 45 жас ғұмыр кешіп, дүние салған соң, Қарқаралы жеріндегі Түндік өзенінің бойына, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасындағы алқапқа жерленген. Бұл Тәттімбеттің әкесі Қазанғапқа арналып салынған зират. Ішінде үш қабыр бесікше бар. Бірінде Қазанғаптың өзі. Екіншісінде Қазанғаптың бәйбішесі, Тәттімбеттің анасы Қалайы. Үшіншісінде Тәттімбет жатыр.

Тәттімбеттің шыққан тегі Орта жүз, Арғын, оның ішінде Мейрамнан тарайды. Шежіре бойынша Мейрамнан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа), Шұбыртпалы деген аталар өрбіген. Осылардың ішінде Тәттімбет Қаракесегі болып келеді.

Тәттімбеттің туып өскен ортасы көшпелілердің сан ғасырлық музыкалық мәдениетінің дәстүрі орныққан, арқауы бекіген, әсіресе, күйшіліктің тарихи тек тамыры үзілмеген, рухани құнарлы аймақ. Арқа төсіндегі Қоңырөлең, Өлеңті, Домбыралы, Сарын, Қорқыт көлі, Жорға, Мұңлы, Тарғылдың тауы, Зыңғыртау, Ақөлең, Дуана, Саржайлау, Балқылдақ, Қосішек, Күйтөккен сияқты жер су атауларының қай-қайсысы да ән-күймен сабақтас. Ән-күй өмір салтқа айналып, адамдардың тағдыр тіршілігімен біте қайнасқан ортада ғана топонимдік айғаққа айналса керек.

Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан адам. Батыс Сібір генерал губернаторы генерал майор Фон Фридрихс Тәттімбет туралы арнайы жинаған мәліметінде мынандай дерек келтіреді: «Тәттімбет ақ сүйектер әулетінен, бірақ көпестер гильдасына тіркелмеген. Қарқаралы округіндегі Нұрбике Шаншар болысында 1842 жылдың 20 қаңтарынан 1845 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс болды. Бұл жұмыстан өз арызы бойынша 1854 жылдың 29 шілдесіндегі бұйрықтың негізінде босатылды, қылмыс жасамаған, тергеуде, сотта болмаған» (ООМА, 3 қор, 3 тізім, 3902 іс). Тәттімбет Ресей патшасы Александр ІІ нің таққа отыру салтанатына қатысқан. Сондай- ақ, Шоқан Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошқары, Сандыбайдың Ердені, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес сыйлас болған. Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп, талғампаз сарапшысы болып отырған. Оның өнеріне Біржан сал:

«Тәттімбет ардагерім, Арғын асқан,

Қырық түрлі күй айналған бармағына», — деп сүйсінеді.

Тәттімбет талай-талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәттімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап, тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады.

Қазанғапұлы Тәттімбеттің «Саржайлау», «Былқылдақ», «Сылқылдақ», «Бес төре», «Көкейкесті», «Қосбасар» сияқты ондаған күйлері қазақтың музыкалық мәдениетінің асыл айғақтары болып табылады.

АРОНҰЛЫ СҮЙІНБАЙ

Аронұлы Сүйінбай (1815 — 1898) – қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталман жүйрігі. Туып өскен жері Алматы маңы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ елді мекені. Осы өңірден топырақ бұйырған. Шыққан тегі Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Шежіре дерегі бойынша арғы атасы Күсеп дәулескер қобызшы болған. Күсептен Арон, одан Сүйінбай туған. Сүйінбайдан туған Малыбай, Бағыжан, Жетібай есімді балаларының ұрпағы өсіп өнген.

Сүйінбайдың ақындық дарының алтын бесігі халқының ежелден қалыптасқан өнерпаздық дәстүрі. Әсіресе, ел ішінің сөз өнерін әспеттеген ұлы дәстүріне жастайынан ерте ұштап, төңірегіне ерте танылады. Ел аузында айтылатын:

«Екейде елу бақсы, сексен ақын,

Жаратып мінеді екен ерттеп атын.

Қобызға домбырасы үнін қосып,

Гулейді жын қаққандай кешке жақын» деген өлең сол ортаның ән-күй мен өлең-жырды айрықша дәcтүр еткенін аңғартса, одан тағылым алып өскен Сүйінбайдың:

«Атыңнан айналайын Қызыр бабам,

Түсімде таңға жуық келді маған.

Білмеймін «өлең» деді, «көген» деді,

Сайрауық құстар келіп төнді маған» деуі, оның ақындық дарынының ерте оянғанын аңғартады.

Сүйінбайдың даңқын елге жайған, ауыздан-ауызға тараған шығармаларының бір шоғыры өз кезіндегі хан-қара, би-төре, бай-манаптарға, көз көрген замандастарына қарата айтылған өлеңдері. Бұл өлеңдері, ол бір жағынан елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, табанды да турашыл азаматтың тұлғасын танытып отырса, екінші жағынан айтар ойын ұрымтал образ, ұтқыр ой арқылы жеткізуге шебер ақынның тегеурінді қарымын танытады.

«Хан емессің, күйіксің,

Қалың елді айдап жеп,

Теріңе зорға сиыпсың,

Ұры қары залымның,

Жаныңа бәрін жиыпсың…

Дүниені жұтса тоймайтын,

Түпсіз жатқан ұйықсың,

Қадірің жоқ халыққа,

Аққан судай сұйықсың», дейді Сүйінбай.

Құнарлы сөз, кесек ой, келелі уәж оның поэзиясына, эпикалық қарым, көркемдік сипат дарытып отырады.

Сүйінбайдың, әсіресе, айтысқа түскенде қынынан суырылған қылыштай жарқылдап, өзінің туа біткен ақындық дарынмен қауышқандай әсерге бөлеп отырады. Оның Майлықожамен, Тезек төремен, Қатағанмен, Арыстанбекпен айтыстары нағыз шашасына шаң жуытпайтын жүйріктің айғағы. Сүйінбай поэзиясы арқылы қазақтың айтыс өнерінің өрісі анағұрлым ұзарып, биіктеді, тақырып аясы кеңейіп, әлеуметтене түсті.

Эпикалық қарымдағы ақын ретінде Сүйінбай халықтың әр түрлі жыр дастандарын таңды таңға ұрып айтып, «Манас», «Көрұғлы», «Рүстем Дастан», «Тотынама» сияқты туындыларды шығармашылықпен өзінше жырлаған.

Оның Сұраншы, Сауырық батырлар туралы циклді өлеңдері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра. Мұнда ежелгі эпосқа тән асқақ рух, алапат теңеулер қарша борап отырады. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген» батыр тұлғасын, «отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан» дұшпан бейнесін нағыз жыраулық тегеурінмен сипаттайды.

САҒЫРБАЙҰЫЛ ҚҰРМАНҒАЗЫ

Сағырбайұлы Құрманғазы (1823-1896) – қазақтың ұлы күйші-композиторы. Туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орыны – Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер. Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты – Беріш руы. Қалмақ шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен Ағатай батырдың есімі исі Берішке ұран болған. Одан берідегі Өтеміс би, Махамбет ақын, Исатай батыр бір ғана Беріш руының емес, исі қазақтың ардақты ұлдары. Құрманғазы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған. Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған. Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты. Құрманғазыны суреткер ретінде айрықша даралап көрсететін қасиет – ол концептуалды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы. Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.

УӘЛИХАНОВ ШОҚАН ШЫҢҒЫСҰЛЫ

Шоқан (Мұхаммед Қанафия) Уәлиханов Шыңғысұлы (1835 – 1865) – қазақтың ұлы ғалымы: ориенталист, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ.

Әжесі бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен.

Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде туған. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол жерде аға сұлтан болған. Өз атасы Уәли де хан болған. Арғы атасы қазақтың ұлы ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында өткен.

«Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгереді. Бұдан кейін 1847-1853 жылдары оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген.

Кадет корпусына алғаш оқуға түскен кезде Шоқан орыс тілін білмесе де өзінің зеректігімен тілді тез үйренді. Шоқанның корпуста бірге оқыған Г.Н. Потанин: « Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді… Оған талайлар-ақ назар аударды. Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып-ақ сурет сала білетін», дейді.

Оған әсіресе орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы Костылецкий мен тарих пәнінің оқытушысы Гонсевский күшті ықпал етті. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен Диккенс, Теккерей, Руссо шығармаларын, «Современник» журналын үзбей оқып, әлеуметтік өмірдің және әдебиет ағымының қай бағытта, қалай дамып бара жатқандығын аңғара алатын, өз кезінің саналы азаматының бірі болған.

1852 жылы Костылецкийдің көмегімен Шоқан көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.Н. Березинмен танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның «Жарлығына» талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын.

Кадет корпусын он сегіз жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады.

1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді. Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрып, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады.

1856 жылы М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстық көл аймағының картасын жасасады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Жазуы жоқ елдердің өткен тарихы мен салтын тануымыз үшін мұндай ұзақ желіге құрылған, күрделі эпостардың үлкен мәні барын түсінген Шоқан «Манас» үлгісінде көрсетті. «Манас», дейді Шоқан, қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегіне топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол даланың «Илиадасы» тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, әдет-ғұрпы, жағрафиясы, діни дәрігерлік ұғымдары, шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған… Екінші эпос «Семетей» «Манастың» жалғасы. Бұл қырғыздың «Одиссеясы». Іле өзенінің басындағы Манас жорық жасады деген жерлерді барып көреді. Сібір мен Тянь-Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохонды ежелгі тұрғындары екені тарихта тұңғыш рет анықтап береді. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған географы К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады. 1857 жылы тағы да қырғыз елінде болады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстық көл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Табиғатты және ел тұрмысын Шоқан жазушылық шеберлікпен суреттеген. Осыдан барып оны орыс достары «Қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы» деп атаған. Тарих, география саласындаы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.

1858 – 1859 жылдары Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашқария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы, әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген матераилдар жинайды. Қашқар сапарынан «Алты шахардың, яғни Қытайдың Нан лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады.

Шоқаннан қалған мұраның бірі бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейжаз және халықтың тұрмыс салтын бейнелеумен айналысқан. Одан 150 – дей сурет қалған.

Науқасы меңдегендіктен Петербургтен елге оралған Шоқан туған халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады. «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды чиновниктен, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді» деп жазады ол бұл туралы досы Достаевскийге. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмай, аға сұлтандыққа өте алмай қалады. 1864 жылы наурыз айында Шоқан генерал Черняевтің шақыруымен Әулиеатаға (қазіргі Тараз қаласы) келеді. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге қосуды жақтаған ол Черняев отрядында біраз уақыт қызмет істейді. Бірақ патша генералының жергілікті халыққа жасаған зорлық-зомбылығын көріп, тез бөлініп кетеді. Содан Верный (қазіріг Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің аулына барып (бұрынғы Талдықорған облысы, Шоқан атындағы шаруашылық) тоқтайды. Сонда үйленіп, тұрып қалады.

Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшен тоған деген жерге қойылады.

Шоқанның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі аса зор. Орыстың жағрафиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Н.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарық етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті!» деп жазды. Бірақ ол сол аз ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс әрекетімен дәлелдеп үлгерді.

БАЙЖАНҰЛЫ ЖАЯУ МҰСА

Байжанұлы Жаяу Мұса (1835-1929) – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Туған жері – Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасы, Ақшоқы алқабы. Шыққан тегі – Орта жүз, Арғын ішіндегі Сүйіндік руы. Алғаш ауыл молласынан оқып, сауат ашады. Оң-солын тани келе өнер-білім қуып, Қызылжар, Омбы қалаларына келеді. Омбыдағы орыс мектебінде оқиды, қала өнерпаздарымен араласып, домбыра, сырнай, скрипка аспаптарын тартуды меңгереді, өзінің сезім-күйін әнге қосуға машықтанады, музыкалық әдеби кештерге араласады. Бойындағы өнерін жұрт алдында көрсете бастайды. Қалада өткерген жылдарында Жаяу Мұса сол кездің саяси-әлеуметтік өмірін тереңірек танып, туған елінің бодандықтағы мүшкіл халіне ой зерделетіп, санасы толысқан шағында елге оралады. Әрине, ел ішіндегі әлеуметтік әділетсіздіктер мен сыртқы өктемдікті жай ғана бақылаушы болып қана қалмайды, өзінің ұстанымын тиісті жерінде өнерімен де, іс-әрекетімен де көрсетіп отырады. «Ақ сиса» сияқты әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеген әндері ел ішіне тарай бастайды. Ақыры Жаяу Мұсаға «Патша саясатына наразы адам» деген айып тағылып, Тобылға жер аударылады. Тобыл түрмесінде ол генерал-губернаторға хат жазып, әскер қатарына сұранады. Мұсаның өтініші қабылданады. Осылайша, оның әскер қатарындағы әр қиырды шарлаған күрделі өмірі басталады. Тобыл, Орынбор, Қазан, Новгород, Москва, Владимир, Петербург қалаларында, Польша, Литва жерінде болады. Кейін Қоқан хандығының саясатына қарсы жұмсалған полковник М.Черняевтің әскерінің құрамында Алатау, Әулиеата, Шымкент жорығына қатысады. Осы жорықта Ресей әскерінің зорлықшыл әрекеттерін көзімен көрген Жаяу Мұса қатты налиды, ән-жырына қосады. Алыста жүріп, туған жерін сағынып «Сүйіндік» әнін шығарады. «Толғау», «Арап ұрыға», «Бозторғай», «Хаулау» әндеріне өмірден көрген сондай қиындық қиянаттар арқау болады. Өмірдің көп тауқыметін бастан өткеріп, еліне оралған Жаяу Мұса әлеуметтік-саяси теңсіздікке арналған әндер шығаруды одан әрі жалғастырады. Ақмола уезіне қарасты Құлбай деген байдың немере қызы Сапармен көңіл жарастырып, ұрпақ құрып, саясатшылықпен айналысады. Жаяу Мұса қазақтың ән өнерін мазмұн, түр жағынан байытып, шығармашылық жаңалықтар енгізіп, әуен сазын жаңа биіктерге көтерген аса дарынды композитор. Ол өз шығармаларында қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өз заманының арман-аңсарын әнмен бедерлей білді. Оның әлеуметтік көзқарастары, азаматтық ұстанымдары сол кездің демократтық-ағартушылық озық идеяларымен астасып жатты. Жаяу Мұса әндерін күні бүгінге дейін халық сүйіп тыңдайды. Оның алуан нақышты асқақ әндері Қазақстан композиторларының көптеген шығармаларына арқау болған.