кітап 5

ТОҚТЫБАЙҰЛЫ САҢЫРЫҚ

Тоқтыбайұлы Саңырық ( 1692-?) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрестегі атақты батырлардың бірі. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Ошақты тайпасының Тасжүрек руынан. Әкесі — Тоқтабай да батыр болған. Ол кісі кезінде батырлығымен бірге, таймас турашылдығымен, ауытқымас әділдігімен де елге танылып, аты шығыпты. Әкенің осы қасиеті балаларына да жұғып, Саңырақтың ағасы Дәнен де, інісі Сарымерген де батыр болған. Атадан балаға берілген әңгімелер арқылы Саңырақтың бүгінгі ұрпақтары аталарын: «Ұзын бойлы, жауырыны сәл еңкіштеу, қолдары әлеуетті, ала көз, түсі суық, сұсты кісі болған» деп суреттейді. Саңырақтың ерекше қасиеті – құралайды көзге атқан мерген болған. Алғашқыда атағы осы мергендігімен шыққан. Ошақтының атақты бір байы той жасап, сонда мергендер жарысын өткізіп, бас бәйгеге қалы кілем жабылған қара нар бастаған тоғыз және сүйектен жасап, алтынмен аптап, күміспен күптеген керемет садақты тігеді. Осы сайыста 16 жасар Саңырақ бас жүлдені жеңіп алады. Кейін «Саңырақтың сарнауығы» деп аталып кеткен осы садақ Саңырық батырдың жоңғармен соғыстағы бас қаруының бірі болған. Саңырықтың батырлық жолы әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін басталады. Атамекені жау қолында қалып, босқан елдің ауыр халын көріп, ет жүрегі езілген қазақтың намысты ұлдары ата жаудан кек алу қамына кірісіп, жер-жерде жауынгер жасақтар құрайды. Олар жаушы жіберіп, өзара хабарласып, бір-бірімен бірігіп, көп ұзамай бүкіл халықтық ұлы күшке айналады. Осындай бірігулер кезінде алғашқылардың бірі болып тізе қосқан Ұлы жүздің Саңырық батырымен кіші жүздің Тайлақ батыры болады. Олар осыдан кейін жұп жазбай, ел еңсесін көтерген тұңғыш жеңісті әкелген Бұлантты шайқасында , түпкілікті жеңіске бетбұрыс жасатқан Аңырақай шайқасында да бір болады. Тарихшылар Бұлантты шайқасында шабуылдаушы әскердің қолбасшылары болған Саңырық пен Тайлақ батырларды осы жолғы жеңістің «жолашарлары» болды деп бағалайды. Саңырық батыр жасағы бұдан кейін де талай шайқасқа қатысқан. Оның Талас бойын жаудан тазартудағы, әсіресе, Ақкесерлігі ел аузында аңызға, жыр-дастанға айналған. Халық арасындағы сондай жырлардың біріндегі: «Босқан елді құрап , қол бастаған Саңырық. Қарсы келген жауына, қырғын салған Саңырық. Анталаған қалмаққа , сүргін салған Саңырық. Тайлақ батыр екеуі серік болған Саңырық» деп жалғаса беретін өр жолдар ел қорғаған еріне риза болған халқының ерен құрметіндей, есте сақтар мәңгі ескерткішіндей көрініп, тым асқақ естіледі.

ӘСКЕНҰЛЫ ӘБІЛҚАЙЫР ХАН

Әскен (Әжі) ұлы Әбілқайыр хан (1693-1748) – қазақтың Кіші жүзінің ханы, Аңырақай шайқасындағы қазақ қолының бас сардары, қазақ сұлтандарының кіші буыны — Үсектің ұрпағы. Болат хан өлгеннен кейінгі тақ таласында Сәмекенің (Шахмұхаммедтің) «Әбілқайырдың атасына хандық әуелден бұйырмаған. Жеті атасынан хан болып келе жатқан менің тұқымым, хан тағының заңды иесі менмін» деуі де оның осы кіші буыннан екені меңзейді. Ол – кейін өзінің күшімен, айласымен, шабуылды ұйымдастыра білушілігімен даңқы шығып, хандыққа қол жеткізген, батырлығы мен өркөкіректігі, ақылдылығы мен билікқұмарлығы, саясатшылығы мен бірбеткейлігі астасқан қайшылығы мол тарихи күрделі тұлға. Ол 1723 жылға дейін Түркістан қаласында тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққан соң, Бұқар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын тайпалардың арасына кетеді. Қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресі күшейген кезде Ордабасында болған халық жиналысында Әбілқайыр қазақ жасақтарының бас қолбасшысы болып сайланып, Аңырақай шайқасында үлкен жеңіске жетеді. Болат хан өлгеннен кейін «қазақтың бас ханы болу жолы менікі» деп сеніммен жүрген Әбілхайыр жеме-жемге келгенде билік тізгінің басқаның қолында кеткенін көргенде шарт сынып, ашуланып, бәрін тастап еліне кетеді. Қазақтарды әлсіретіп, бүкіл Орта Азияға жол ашар қақпаның кілтін тезірек қолға түсіру жөнінде патшасынан нұсқау алған орыстың далалық әкімдері бұл оқшалануды өз мүдделеріне пайдаланып қалуға жанталаса кіріседі. Бұл ретте отарлаудың ежелден сыналған тәсілі – «жабайыны жабайының қолымен құртуды» іске қосады. Сөйтіп олар өздерінің бодандары Еділ қалмақтарын да, башқұрттарды да, сондай-ақ Жайық казактарын да айдап салып, Кіші жүз қазақтарының тынышын кетіре бастайды. Соның аяғы Әбілқайырдың 1730 жылы өзін Ресей империясының қол астына алуына сұрап, Петербургке елшісін жіберуіне әкеп соғады. Онда ол өзінің Ресей империясына башқұрттар секілді қызмет етіп, солар сияқты алым төлейтінін айта келіп, өздеріне Ресейдің өзге бодандары тарапынан ешқандай қиянат және шабуыл болмауын талап етеді, патша тарапынан тыйым салынбаса, башқұрттардың өздігінен шабуыл жасауды тоқтатпайтынын айтады. Сондай-ақ Ресей бодандары қолдарындағы қазақ тұтқындарын қайтарса, қазақтар да өз тарапынан олардың тұтқындарын кері қайтаратынын білдіреді.

Бірақ бұл бодандық Әбілқайыр ойлағандай нәтиже бермейді. Содан кейін ол Жоңғар хандығының қоңтайшысы Қалдан Серенге адам салады. Іздегенге сұраған ол да мұны құп алады. Ол жоңғар тұтқынынан босатылған Абылай арқылы жіберген жарлығында Әбілқайырдың тілегін орындағанын толық көрсетеді. Арадағы достық қатынастар сенімді болу үшін Әбілқайырдың өз баласына мың қазақты ертіп, Жоңғарияға жіберуін, осыған жауап ретінде өз баласын мың ойратпен қазақтарға жіберетінін айтады. Дегенмен, Әбілқайырдың Қалдан Серенмен құда болып, оған арқа сүйеп, ойдағымды жүзеге асырам ба деген үміті де ақталмай қалады. 1745 жылдың қыркүйегінде Қалдан Серен қайтыс болады. Осыдан үш жыл өткенде Әбілқайырдың өзі де Барақ сұлтанның қолынан қаза табады.

ШАҚШАҚҰЛЫ ЖӘНІБЕК

Шақшақұлы Жәнібек (? – 1751) – жоңғар шапқыншылығы кезінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен атақты батыр, «Ақтабан шұбырындыдан» кейін босқан елдің басын қосып, азаттық күресін ұйымдастырған, Бұқар жырау сөзімен айтқанда: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Ормандай көп орта жүз, содан шыққан төрт тіректің» бірі. Мұның сыртында ол ауыздыға сөз бермеген, қиянатқа жол бермеген әділ би, діни сауаты мол молда кісі болған. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасынан. Халық өзінің сүйікті ұлын кезінде «Шақшақ Жәнібек», «Шақшақұлы Жәнібек» деп атап кеткенімен, Шақшақ оынң әкесінің де, руының да аты емес, үшінші атасының аты. Шақшақтан Көшей, Көшейден Қошқар, Қошқардан Жәнібек туады.

Атасы шақшақ Аманжолұлы – қазақ ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің қолбасшыларының бірі болған. Есім Ташкентті шауып, Тұрсын ханды өлтіргенде Шақшақ соғыс олжасы ретінде еншісіне тиген Тұрсын ханның қызы Нұрбикені алып келіп, баласы Көшейге қосқан. Шақшақ жауға шапқанда арғынның ортақ ұраны «Ақжолды» айтпай, өз атасының атын атап: «Аманжолдап» шабады екен. Содан Аманжол Кіші жүз жақтағы арғындардың ұранына айналған. Жәнібек те жауға осы ұранмен шапқан. Ол – ұзақ ғұымр жасап, қазақтың Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілқайыр секілді хандарымен, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билерімен, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді батырларымен бір боылп, еліне елеулі қызмет еткен тарихта орны бөлек ерен тұлға. Абылай хан қашан ерлігімен танылғанша, үлкен қолбасшы Жәнібектің қарауында, қатардағы сарбаздардың бірі болған. Оған әйгілі Айтпай батырдың Абылайға айтқан:

«Абылай , сен орта жүзге келгенде,
Жұлдызың туды оңынан.
Түйе баққан жаяулап,
Айрылдың қалың сорыңнан.
Көкбестідей ат мініп,
Қошқар ұлы Жәнібектің тобынан,
Қалмақты шауып бақ таптың,
Алғашқы барған жолыңнан» деген сөздері куә.

Жекелеген қазақ батырлары кезінде саясатқа араласқанымен, олар өз төңірегінің деңгейіндегі мәселелерді шешуге араласады. Сондықтан да ол бірде Кіші жүз Әбілқайырдың қасында болып, орыс патшасының әкімшілігімен келіссөз жүргізіп жатса, бірде Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің қасында болып, жоңғар қонтайшысымен сөз байласып жатады. Енді бірде оның Ұлы жүздің батыры Қойгелдінің үйінде, тоналған орыс керуенінің мүлкін қайтару жөнінде мәселе шешіп жатқанын көресіз.

Орыс құжаттары оның әлемде болып жатқан істерден хабардар екенін жазады. Шыны да сол. Ол патша өкілі К.Миллердің ешкім білмейді деген құпиясын ашып, оның Қалдан Сереннің қабылдауында бола алмағанын айтып, екі көзін шарадай қылса, орыс әкімшілігіне келіссөзге барғанда, «Азов құрлықтан ғана емес, сумен де барлық жағынан қоршап алынды деп естідім» деп Оырнбор шекара комиссиясының бастығы В.Урусовтың көзін атыздай етеді. Сондай-ақ Еділ қалмақтарына елшілікпен барғанда, парсы шахының Астраханға шабуыл жасағалы жатқанын естігенін, олардың күшін қалай әлсіретудің амалын айтып поручик Д.Гладышевтің есін алса, Орынбор шекара комиссиясының кейінгі бастығы И.Н. Неплюевпен орыс-түрік соғысы жайында ой бөлісіп, оны таңқалдырады. Патшаға Жәнібектің қазақтар арасындағы беделі ханнан кем емес екендігін айтып, оған қазақ батырларының ішінде бірінші болып «тархан» атағын алуға көмектесетін де осы И.Н.Неплюев. Жәнібек сөзге шешен, билікте әділ, ескіше оқуы мол, сауатты адам. Содан болар ол өз кезінде Абылай ханға үш рет бата берген. Оның біріншісі – Абылайдың алғаш Шарышпен жекпе-жекке шығарында, екіншісі – Сабалақ атын тастап, Абылай аталғанда, үшіншісі – оны ақ киізге отырғызып, хан көтергенде. Қазақтың дуалы ауыз билері – Төле, Қазыбек, Әйтекелер тұрғанда, «көмекей әулие» атанған даланың ұлы жырауы Бұқар тұрғанда, жаңа ханға бата беру жолының Жәнібекке тиюі оның кезінде қандай адам болғанын, ел алдындағы беделінің деңгейін, тарихтан алар орнын көрсетсе керек.

ӨМІРҰЛЫ ЖАСЫБАЙ

Өмірұлы Жасыбай (ХҮІІІ ғ.) – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақтың әйгілі батыры. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасының Бәсентиін руынан. Әкесі Өмір от ауызды, орақ тілді шешен адам болыпты. Анасы – қазақтың атақты батыры Олжабайдың апасы. Шежіре деректерінде батырды «Олжабайдың жиені» дейтіні де содан. Жасыбай екі ағайынды болған, інісі Байсары да жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен белгілі батырлардың бірі көрінеді. Жасыбай жөнінде Н.Я. Коншиннің жазбаларында, халық шежірелерінде, аңыз-әңгімелерде, батырдың өзіне арналып шығарылған «Ер Жасыбай» жыр-дастанында біраз мағлұмат берілген. Соларға қарағанда, ол Олжабайдың жиені ғана емес, жауға бірге шапқан серігі, жақын досы болған. Жастайынан жауырыншылығымен, құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан. Баянауыл өңірін қалмақтардан тазартуда үлкен ерлік көрсеткен. «Ол-жауға бірнеше дүркін соққы берген әйгілі батыр. Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға жауынгерлерімен келе жатқан қалмақ қолының алдынан шығып, олардың жолын бөгеп, бері жібермеуді тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай батыр жаумен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ аңдаусызда сауытының желке тұсындағы ашық жерінен қалмақтың оғы тиіп, содан өледі. Қзақа қолы қалмақтарға төтеп бере алмай ығысы бастайды. Сол кезде қырғын болған таудың шатқалына Олжабай бастаған әскер кіреді. Жеңілген қалмақтардың ұлардай шулап, жалбарынған дауыстарынан тау іші күңіренеді. Сонда Олжабай батыр: «Сендердің бәріңді қосқанда, өлген Жасыбай батырдың шынтағына тұрмайсыңдар» деп, жауынгерлеріне «жауды аяған жаралы» екенін ескертеді. Қалмақтардың бұл жолы қырылғаны сонша, өліктері жолдың ұзына бойына шашылып қалады» (Н.Я.Коншин). Бұл деректердің дұрыстығына «Олжабай батыр» жырындағы: «Келген жолмен шұбырап, Есепсіз жолда қырылып, Баян тауын жанапты. Қайқайып садақ тартқанда, Қалмақтың тиіп сұм оғы, Жасыбай қалды жығылып» деген жолдар да, соғыс болған жердің бұл күнде «Қалмақ қырылған» аталуы да дәлелдей түседі. Туған елін, өскен жерін ата жаудан азат ету жорығында сан ерлігімен көзге түсіп, осы игі мақсат жолында қаза тапқан ерінің есімін ардақтаған халқы кейін Баян тауының ол қорғаған асуына «Жасыбай асуы», көліне – «Жасыбай көлі» деген ат береді. Ол жерлер қазір де солай аталады.

ӨТЕҒҰЛҰЛЫ ӨТЕГЕН

Өтеғұлұлы Өтеген (1699- 1773) – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүз Дулат тайпасының Жаныс руынан. Өтегеннің ата-бабалары да есімдері елге танылған батырлар болған. Бабасы Сырымбет қазақ ханы Салқам Жәңгірдің Самарқан әмірі Жалаңтөспен бірігіп, жоңғардың 50 мың әскерін талқандайтын әйгілі шайқасына қатысқан батыр. Өз әкесі Өтеғұл да талай қанды жорықты бастан кешкен батыр адам болған. Шешесі Нұрбала атақты Қордай батырдың немересі екен. Осындай тектілерден жаралған Өтеген де 15 жасында-ақ есімі елге танылып, батыр атанады. Оның Тарпаң есімді баласы мен Шаншар атты немересі де ел қорғап, жат жерліктерге найза түйреген белгілі батырлар. Өтеген батыр жөнінде ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер көп сақталған. Солардың біразы Сүйінбай мен Жамбыл секілді жыр алыптарының да дастандарына арқау болған. Ел оның есімін әулие тұтып, қос мүйізі бар киелі деп біледі. Жамбыл Жабаевтың: «Қасара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» — деп жырлап, оны батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан. Өтеген батырдың өмір жолын үш кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Оның бірі — Бұхара медресесін бітірген ғұлама ретінде ел ішінде хазірет атанған кезі. Екнішісі — батырдың елді «ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. Ол күресте ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. Үшіншісі – жоңғарлардың 1734 жылғы екінші қайтар соққысынан кейін оңтүстік қазақтары қатты күйзеліске ұшырағанда, Төле бидің жау өтінен шалғай жерден қоныс іздеуге жіберіп, елге жайлы, малға қолайлы жер іздейтін кезі. Өтеген батыр мен Райымбек батыр екеуі жауға бірге шапқан замандас кісілер екен. Райымбек бірде Өтегенге : «өлгенде сен су астында қаласың» деген екен. Әулиенің сол айтқаны дәл келіп, 1973 жылы Қапшағай су қоймасы салынғанда, Өтеген батырдың бейіті су астында қалатын болады. Бірақ батырдың ұрпақтары бұдан ертерек хабарлап, қам жасап, батыр бабаларының сүйегін алып, Өтеген ауылына әкеп қайта жерлейді. Батырдың кезінде өзі тұтынған біраз мүлкі сақталған. Солардың бірі – Абылай ханның жез тегенесі. Оны Абылай хан Өтегенге кезінде өзі сыйлаған екен.

БЕРДӘУЛЕТҰЛЫ ЖӘНІБЕК

Бердәулетұлы Жәнібек (XVIII) — жоңғар басқыншылығына қарсы шайқаста аты шыққан, Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батыр бастаған қазақ қолының алғы шебінде жүрген айбынды батырлардың бірі. Шыққан тегі – Орта жүздің Керей тайпасынан. Соған орай халық оны сол заманның аты шыққан әйгілі батыры Шақшақ Жәнібекпен шатастырмас үшін «Крей Жәнібек» деп атап кеткен. Жәнібек әкесі Бердәулет ерте қайтыс болып кеткендіктен, нағашысы қазақтың атақты үш биінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек бидің тәрбиесінде болады. «Кісі болар жігітті кісесінен, кісі болмас жігітті мүшесінен таниды» дегендей. Қазыбек би жиенінің көзінде оты, көкірегінде сәулесі барын көріп, оны кішкентай күнінен ел басқару жұмысына тәрбиелейді. Он сегізге жасы жетіп, күш-қайраты толған кезінде Жәнібек жауға аттанып бара жатқан жасанды қолды көріп, Қазыбектен жорыққа аттануға бата сұрайды. Қазыбек: «Қарағым, өзгеге берген батамды өзіңнен неге аяйын. Ер азамат қылып өсіріп, ел-жұртыңа қосайын деп едім. Жасыңа жетпей, жау тілеме» дейді. Бұған риза болмаған Жәнібек: «Он сегізге келгенше , жігіт болып жетіле алмады дегеніңіз бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда, от басын айналдырған көбелектей көргеніңіз бе?» деп наразылық білдіреді. Сонда Қазыбек: «қой, рұқсат бермесем, құса болып өліп кетер, не қолға рұқсатсыз еріп кетер» деп ойлап, «Қол басқарсаң, жолың киелі болсын! Ел басқарсаң, сөзің жүйелі болсын!» деп батасын береді. Ұлы атасының ықыласымен берген батасы қабыл болып, Жәнібек жолы киелі қолбасшы, сөзі жүйелі ел басшысы атанады. Жәнібек батырдың өмір жолын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның бірі – батырдың жоңғар басқыншыларына қарсы күресіп, сан шайқасты бастан кешірген батырлық, қолбасылық өмірі. Екіншісі – жаудан азат етілген жерге елін бастап барып, орналастыруы, ел бірлігінің бұзылмауы жолында тер төккен басшылық өмірі. Ол халықтың жадында қол бастаған аруақты батыр, ел басқаруда әділ басшы болып қалды. Өзі иелік еткен Абақ керей елі оның атын ұранға айналдырды.

САРТҰЛЫ ҚОЙГЕЛДІ

Сартұлы Қойгелді (1702-1795) – жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресінде қол бастаған атақты қол басшылардың бірі. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Шымыр руынан. Әкесі Қойгелдіні жеті жасында Бұхара медресесіне оқуға береді. Ол сонда он жыл білім алып, елге діни сауаты мол білікті азамат болып оралады. Оның ел ішінде хазірет атануы да содан. Бірақ жаугершілік аман, ел басына түскен ауыр жағдай Қойгелдіні еріксіз хазіреттің сәлдесін тастап, сауыт киюге, тәспиығын тастап, найза ұстауға мәжбүр етеді. Қойгелдінің бүкіл өмірі, тағдыры Ұлы жүз елінің басшысы, қазақтың атақты биі – Төле бимен ажырата алмастай тығыз байланыста өтеді. Ұлы бидің сенімді серігі, жауға жұмсар батыры болған. Бұл ретте Төленің өмірін жазған Қазанғап: «Сол күндерде хазірет, Сарттың ұлы Қойгелді, Төледен кейін бастаған, Ұлы жүзді сол еді» дейді. Сондай-ақ « Төле би келмей жүріс жоқ, Қойгелді келмей ұрыс жоқ» деген, ел аузында сақталып, мақалға айналған ескі сөз де сол бір аласапыран кезеңде айтулы екі тарихи тұлғаның ел тағдырын шешуде қандай оырн алғанын айғақтап тұрғандай. Қойгелді әуелде батырлығымен аты шығады. Түрлі шайқаста жекпе-жек шыққанда жеңіліс көрмей, жоңғардың тоғыз батырын өлтіріп, қазақ қолын жеңіске рухтандырған ерлігі ел аузында аңызға айналған. Кейін сардар болып, қол басқарғанда да ол әскери соғыс тәсілін жетік меңгерген басшы ретінде сарбаздарын жеңістен жеңіске ұмтылдырып, үлкен қолбасшылық қабілетін танытады. Атақты Аңырақай соғысына Қойгелдімен бірге оның екі інісі Қожық пен Ақша бірнеше рет жекпе жекке шығып, жаудың бірнеше батырын өлтірсе, Қожық Ұлы жүз қолының ту ұстаушысы болады. Баласы 13 жасар Қарабатыр қаптама соғыста ауыр жараланып, ататн түсіп қалған ағасы Ақша батырды қашан әкесі Қойгелді келіп алып шыққанша жауға бермей қорғап тұрады. Қойгелді қолбасшы ретінде Жетісу жері жаудан азат етілгенше жүргізілген соғыстардың бәріне қатысады. Кейін елді жаудан тазартылған жерге орналастыруда да үлкен еңбек сіңіреді. Кешегі Кеңес дәуірінде Қойгелдіні орыс керуенін тонаушы қарақшы ретінде көрсетіп келді. Соның салқыны оның кейінгі ұрпағына да тиіп, 1937 жылы олардың біразы «халық жауы» аталып, атылып, айдалып кетеді. Шындығына келгенде, Қойгелдінің керуен тонағаны да, кейін Төле би мен Шақшақ Жәнібек батырдың араласуымен орыс патшасының өкілі Карл Миллерге керуен шығынына мал беріп, төлегені де рас. Бірақ ол не қылған керуен еді. Мәселе осында. Ол – орыс патшасының қазақ жері арқылы жоңғар басқыншыларына жасырын қару-жарақ тиеп алып бара жатқан керуені еді. Кейін 1756 — 1758 жылдардағы атамекенді жоңғакрлардан тазарту жолындағы ақтық айқастарда осы орыс мылтықтары қазақ жауынгерлерінің қолында «сөйлеп», жеңіс туының желбіреуіне үлес қосқаны белгілі. Қойгелді батыр 93 жасқа келіп, туған жерінде өз ажалынан қайтыс болған. Денесі сол кездің дәстүрі бойынша Түркістанға жерленген.

ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ ҚАБАНБАЙ

Қожағұлұлы Қабанбай (1703-1781) – жоңғар басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен қолының Бас қолбасшысы, жекпе-жекте жеңіліп көрмеген халық қаһарманы. Шыққан тегі – Орта жүдің Найман тайпасының Қаракерей руынан, ел азаттығы жолында күрескен киелі батырлар әулетінен. Оның атасы Мәмбет те, әкесі Қожағұл да, Қожағұлдың ағасы Күшік те өз заманының аты шыққан батырлар болған. Ел ауызындағы әңгімелер дерегіне қарағанда, Күшік батыр Еңсегей бойлы Ер Есімнің Ташкентті алатын соғысына қатысып, сол Тұрсын хан өлген жылы жамбасына улы найзаның ұшы тиіп, 25 жасында қайтыс болады. Қабанбай батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі айтулы ірі шайқастардың бәріне қатысқан. «Хан батыры», «Дарабоз» деген атақтарға ие болған. Сан рет шайқас алдындағы жекпе-жекке шығып, бәрінде жаудың үміткер батырларын жер жастандырып, жауынгерлерін жеңіске рухтандырып отырған. Халқы оны «Қаракерей Қабанбай» деп ардақ тұтып, есімін жырға бөлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Абылай хан дәуіріндегі қазақтың ең соңғы әскери ірі қақтығысы 1770 жылғы қазақ-қырғыз соғысы. Бұл – осы соғысқа қатысқан Қабанбай батырдың да ерлік жолының соңғы белесі. Халық арасында Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар өте көп. Бұған керісінше тарихи құжаттарда Қабанбай батырдың 1740-1762 жылдардағы өмірі ғана көрінеді. Бұл кезде оның есімі ел арасының бітімгершілігінде жүрген дана, би ретінде айтылады. Қабанбайдың Үмбетай, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атайды. Осының Әлісі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней деген қызына үйленіп, одан бес перзент көреді. Оларды шешесінің атымен «Бес Мәней» дейді. Батырдың ұрпақтары бұл күнде Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының жерінде мекендегенімен, олардың арғы аталары оңтүстік жақтан ауып келіп, Есіл, Нұра бойын қоныс еткен. Бұл өңірдің 1728-1762 жылдар аралығында батырдың да құтты мекені болғаны белгілі. Қайтыс болғаннан кейін, Қаракерей Қабанбайдың денесі осы атамекеніне әкеп жерленген керей Қабанбайдың денесі осы ата мекеніне әкеп жерленген көрінеді. Елі жақында аяулы батырының басына сәулетті күмбез орнатты.

НАЙМАНТАЙҰЛЫ БАЙҒОЗЫ

Наймантайұлы Байғозы (1705-1803) — қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген Ұлы Отан соғысында ерен ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі. Байғозы батырдың туып өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді тауларының арасы. Топырақ бұйырған жері Қарағанды облысының Жаңарқа және шет аудандарының жапсырындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады. Байғозы батырдың шыққан тегі Орта жүздің ноқта ағасы Тарақты руынан. Шежіре дерегі бойынша 12 ата тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан Қаржау , одан Есенкелді, одан Сүтемген, одан Наймантай батыр, одан Байғозы батыр туған. Байғозы батырдың шешесі Шолпан Кіші жүздің жеті руын билеген тархан Есет батырдың (1667-1749) туған қарындасы. Тәуке ханның бас батырларының бірі болған Наймантай (сүйегі Ахмет Яссауи кесенесіндегі қорымда) баласы Байғозыны жауынгерлікке өзі баулып, әкелі – балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан. Халық жырларында:

«Қолында қамшысы бар айбалтадай,
Батыл бол батыр болсаң Наймантайдай»
«Тарақты да Байғозы,
Бұ да асқан ер еді.
Ел шетіне жау кесе,
Мен барайын дер еді» — деп айтылады.

Қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған Бұланты, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Терісаққан, Аңырақай, Хантау, Қызылтау, Ерейментау,Түркістан, Қарқаралы, Ыстық көл шайқастарының Байғозы батыр бел ортасында болып, ерен ерліктер көрсеткен. Ол ерліктердің небір ғажайып оқиғалары Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде, Жанақ, Шөже сияқты ақын-жыраулардың жыр – толғауларында кездеседі. Қан майданда талай-талай сыннан өткен Байғозы батыр Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған. Шоқан Уәлиханов XVIII ғасырдың батырларына арналған очеркінде Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырлармен бірге Байғозы батырдың да ерліктерін қызықты баяндайды. Ауызша, жазбаша жеткен тарихи деректерге сүйене отырып, академик Р.Б.Сүлейменов пен тарихшы ғалым Р.В.Мойсеев былай дейді: «Алғашқыда жоңғарлармен, кейін манжүр-қытай жаушылармен күрес барысында Бөгенбай, Малайсары, Жәнібек, Баян,Байғозы, Жанатай, Оразымбет, Тұрсынай сияқты ержүрек батырлардың , білікті әскер басылардың қалың легі ел ішінен суырылып шықты». Байғозы батыр өз кезінде Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдын көрді; Төле, Қазыбек, Едіге, Бұхар сияқты би жыраулардың ұлағатты сөзін естіді; Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жанатай сияқты батырлардан тәлім алды; Керней, Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлармен төс тигізген дос болды. Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ Байғозы батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы туса, батырдың өз кіндігінен туған Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы. Белгілі тұлғалардың өміріне қатысты мұндай деректер де елдік тарихтың қызықты беттері болып табылады. Байғозы батырдың ұрпағы өсіп-өнген, қазір Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Шымкент облыстарында көптеп кездеседі. Солардың бірі батырдың алтыншы ұрпағы, белгілі жазушы, филология ғылымының докторы Ақселеу Сейдімбек.

ХАНГЕЛДІҰЛЫ РАЙЫМБЕК

Хангелдіұлы Райымбек (1705-?) – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан. Кейінгі деректерде «Хангелді Райымбек» деп аталғанымен, Хангелді Райымбектің әкесі емес, атасы. Әкесі — Хангелдінің кенже ұлы Түке. Бұл ретте ел аузында мынадай аңыз сақталған. Хангелді батыр өз кіндігінен тараған төрт ұлын сынамақ болып, күздің қара суығында балаларын киіз үйдің сыртына жатқызады. Содан соң өзі ерте тұрып, ұйықтап жатқан балаларын сынайды. Кеуде түгі қырауланып жатқан үлкенін «батыр болады екен» деп, бүркеніп жатқан ортаншысын «момын, шаруажай болады екен» деп, бір бетін ашып, бір бетін бүркеп жатқан келесі ұлын «ағайынға ақыл айтар болады екен» деп сынап, басын, кеудесін бүркеп, төменгі жағын ашып тастап жатқан кенжесі Түкеге келгенде «ұятын қымтап, әбиірін жаппаған бұл кімге абырой әперер дейсің» деп түңіліп, басын шаппақ болғанда, қасындағы бәйбішесі: « бұл баланы өлтірме, қайта жақсы жерден таңдап, қыз әпер, тұқымы асыл туады, ұрпағынан батыр шығады» деп тоқтатады. Анасының айтқаны ақиқатқа айналып, Түкеден аты бүкіл Албанға ұран болған атақты батыр Райымбек туады. Кейбір зерттеушілер кешегі Кеңестік дәуірде Райымбекті Ұлы жүз елін Россияға қосуға елеулі үлес қосқан атасының ісін жалғастырушы тікелей мұрагері етіп көрсету үшін сол кездегі құжаттардың бәріне «Райымбек Хангелдіұлы» деп толтырылған дегенді айтады.

Райымбек заманында ұйымдастыру қабілеті жоғары, сарбаздарын жеңіске жігерлендіре білген қазақтың білікті қолбасшысының бірі болған. Жан беріп, жан алысқан жаугершілікті заманда аяқ астынан күтпеген қиындықтар пайда болып, қалың қол тығырыққа тіреліп, не істеу керектігін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің қиналмай жол тауып, әскерді аман алып шыққан талай ерліктері ел есінде сақталып қалған. Солардың бірі қамалып келіп қалған қалмақ қолынан ығысып барып, жауынгерлері буырқанып тасып жатқан Ілеге тіреліп, не істерін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің көзсіз ерлікке барып, әскерін өзеннен аман өткізуі. Райымбектің үнемі Ұлы жүз қолының атақты батырларымен тізе біріктіре отырып, атамекенді жаудан тазартудағы ерліктері – ұрпаққа үлгі боларлықтай. Ол талай рет шағын топпен жау шебіне баырп, тосыннан тиісіп, қарсы жақты ойран-топан етіп отырған. Оның ерекше көзге түсіп, ерен батырлығын танытқан «Ойрантөбе шайқасы» сондай шабуылдарының бірі ғана. «Ақтабан шұбырынды» кезінде жау қолын бөгеп, босқан елдің қырғынға ұшырамай, аман құтылып кетуіне мүмкіндік жасаудан басталған батырдың ерлік жолы Жетісу жері азат етіліп, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуған жеңіс жолына үзіліссіз келіп жалғасады. Ол осы кездердің бәрінде аттан түспей, қарулас серіктерімен бірге талай шайқастарды бастан өткізеді. Райымбек батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар көп. Солардың бәрінде Райымбекті «Әулие» деп атайды. Тасып жатқан дариядан әскерін аман өткізуі, сусыз жерден су шығаруы, болашақты болжаған көріпкелдік іс-әрекеттері оның ел есінде осы атағымен сақталуына мүмкіндік берген болса керек. Мүйізді Өтеген батыр бірде Райымбекке: « сен өлгенде шудың астында қаласың» деген екен. Сол сөз шындыққа шығып, батырдың мазары бұл күнде бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойындағы, қазіргі Алматының ең шулы көшесінің жиегінде тұр.