Банка басу тәсілі.

«Банка басу» тәсілін білесіз бе?

10.11.2009 11:09

bankiТағамнан улан-ғанда, иіс тигенде бұрынғылар көбіне халық емі арқылы сауыққан. Сол сияқ-ты, суық тигенде де қолданылатын халық ем­дері бар. Соның бірі – оңқа төң­керу. Ел ішінде мұны көбіне «банка басу» деп атай­ды. Ал оның қандай пайдасы бар?

Денеге төңкерілетін шынының сыйымдылығы 30-70 миллиметр болуға тиіс. Оның ішін жалынмен қыздырып, төңкергенде сиреген ауа теріні өзіне тартып, сорады. Сол кезде денедегі қан тамырлары кеңейеді, оңқа төңкерілген жерге қан жиналады.

Соның әсерімен тереңде жатқан тіндердің (ткань) қан және лимфа айналымы жақсарады, қабыну ошақтары басылады. Бірақ пайдалы екен деп оңқаны бет алды пайдалана беру де дұрыс емес. Өкпеден қан кеткенде, ту­беркулезде, ісік, тері ауруларында, дене дел-сал болып, сүйек сырқырап ауырғанда бұл халық емін қолдану зиянды.­ Сол сияқты төске, жүрек тұсына, омырау мен омыртқа үстіне төңкеруге мүлде болмайды. Шыныны омыртқа сайының оң және сол жағындағы арқа жотаға, терісі бүлінбеген жерлер­ге, көкірек сарайының алдыңғы оң жағына төңкеру керек.

Бұл емді пайдалану үшін оңқа төңкерілетін жерлерді жылы суға малынған шүберекпен сүртіп, тазартып алу керек. Одан кейін денеге жұқалап вазелин жағады. Ішкі жағы шырақпен қыздырылған банка денеге тез және тегіс етіп төңкерілуге тиіс. Сонда банка ішіндегі ауа сирегендіктен теріге тығыз жабысады. 10-15 минутқа дейін науқастың үстін жылы көрпемен жауып қойған дұрыс.

Банкаларды алатын кезде теріні саусақпен жайлап басып, бір шетінен бастап босатады. Шыны түгел алынған соң сырқат денесіндегі жағылған вазелинді құрғақ мақтамен сүртіп, жарты сағатқа тағы да науқасты жылы орап жатқызып  қояды.

Банканы денеге жиі төңкеруге болмайды. Оны тек бір айда бір рет, қатты суықтаған кезде араға бірнеше күн салып, екі рет қана пайдалануға болады. Ең бастысы, шыны сыйымдылығы мөлшерден артып кетпесін. Әйтпесе ол нәзік тамырларға зиян келтіреді.

*      *      *

Тыныс алу жолдары мен кеңірдектің ішкі кілегей қабығы қабынғанда, өкпеге салқын тигенде, стенокардияда денеге қыша қойып қыздыру арқылы да емделуге болады. Ол үшін 40-45 градустағы жылы суға қыша қағазын малып, ыңғайланып­ жатқан науқастың терісіне басады. Сонда эфирлі қыша майы теріні тітіркендіріп, тіннің қан тамырларын кеңейтеді. Соның нәтижесінде қыша қойған жерге қан жиналады. Ол ауруды жеңілдетеді. Қыша қойғанда науқас жамылғы жауып, 10-15 минут жатады. Одан артық ұстау теріні күйдіріп жіберуі мүмкін. Ал қышаны алып тастағанда жылы суға малынған орамалмен қыша басылған жерді сүртіп, түйіршіктерін кетіреді.

Қышаны тері ауруларында, қызу 38 градустан жоғары көтерілгенінде, ісік ауруларында, өкпеден қан кеткенінде, терінің сезімталдығы кенеттен төмендегенде немесе жойыл­ғанда пайдалануға болмайды.